Қарасай ауданындағы блок-бекетте полиция подполковнигі мас жүргізушіден зардап шекті

2020-04-17 16:00:34

Қарасай ауданындағы блок-бекетте полицейге қарсы шабуылдаған мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Kaskelenkz  Алматы облысы Полиция Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жүргізуші уақытша ұстау абақтысына оқшауланды. Оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерінің бірқатар баптары бойынша жаза қолданады.

«17 сәуірде түнде «Қаскелең - Шамалған» автожолындағы «Алма-8» блок-бекетінде тәртіп сақшылары «ЗАЗ ШАНС» көлігін тоқтатқан. Көлік тізгіндеген 27 жастағы Шамалған ауылының тұрғыны полицейлердің тоқтатқанына риза болмай, тәртіп сақшыларына жұдырық ала жүгірген.

Бір тәртіп сақшысы дене жарақатын алған және қызметтік киімі жыртылған.

Бұзақы жүргізушіні жөнге келтірген тәртіп сақшылары оған арнайы құралдарды пайдалауға мәжбүр болды, сөйтіп қаскүнемді медициналық мекемеге жеткізген. Мединицалық сараптаның қорытындсы оның орта дәрежеде мас екенін дәлелдеген», - деп хабарлады Алматы облысы Қарасай аудандық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Асхат Данияр.

Атап өткеніміз жөн, заң бұзушының қолынан Қарасай аудандық ПБ криминалистика бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Айдос Байғазиев зардап шекті. Ол бірқатар дене жарақаттарын алған.

Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 1-тармағына сәйкес билік өкiлiне күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды.

Сонымен қатар, ұсталған азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабына сәйкес төтенше жағдай жарияланған жерде немесе терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында жасалған, билік өкілінің заңды талабына бағынбау және ҚР ӘҚбК 608-бабы, яғни жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы деректері үшін заң алдында жауап беретін болады.