Оразаның пітір садақасын онлайн аудара аласыз

2020-04-21 20:00:32

Мешіттердің жабуылына байланысты пітір-садақаны смартфон арқылы аударасыз, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі "Жетісу" газетіне сілтеме жасап. 

Рамазан айы 24 сәуір күні басталады. Яғни, 23 сәуірдің түні алғашқы тарауих намазы оқылады. 30 күн ораза балиғат жасқа толған, ақыл-есі дұрыс мұсылман адамның барлығына парыз. Денсаулығы жарамай, ұдайы сырқаттанып келе жатқан жандарға ораза тұтпауға болады. Кімде-кім жолаушы, сырқат немесе жүкті болса яки омырауда баласы бар аналарға оразасын кейінгі уақыттарда ұстауға шариғат рұқсат береді. – Биыл пітір-садақаның құны жан басына 370 теңге болып бекітілді. Бұл нарықтағы ұнның 2 келі бағасына шақталды. Ал бай, ауқатты адамдар екі келі мейіз, құрма бағасымен төлесе де болады. Өз шығындарынан, пайдаланатын заттарынан бөлек күміс мөлшерінде, 127 мың теңгеден артық ашасы бар адамға пітір-садақа беру уәжіп. Ал кімнің мұндай жағдайы болмаса, беру міндет емес, – деген Талдықорған өңірінің өкіл имамы Ардақ Оразбаев зекет берудің де шартын тілге тиек етті.

– Зекетті кімдер береді? Жағдайы бар, алтын құнының мөлшеріндей, шығындарынан бөлек 1 миллион 170 мың теңге құрайтындай қаражаты барларға мал-мүлкінен зекет беру парыз.
Мешіттердің жабуылына байланысты пітір-садақаны смартфон арқылы аударым жасау жолдары қарастырылуда. Осы жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "Каспий банк", "Халық банк" басшыларымен арнайы келісімшарт жасасып жатыр. Аударым жолдары қосымша хабарланады.
Бұдан бөлек, онлайн аударым жасау қиынға соғып жатса, әр қала, ауылдардағы мешіт ауласына пітір-садақа жәшіктері қойылады. Жәшіктер қақпаның іш жағында, сыртынан қолжетімді жерде тұрады. Онда қосымша пітір-садақа мәліметтері жазылған баннерлер ілінеді.