Шамалғанда жатын бөлменің терезесі арқылы бойжеткенді ұрлаған азамат ұсталды

2020-06-30 14:00:51

Қарасай ауданында жатын бөлменің терезесі арқылы бойжеткенді ұрлаған азамат ұсталды, деп хабарлайды Kaskelenkz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түнгі сағат 01:00 шамасында Қарасай ауданы ПБ-нің кезекші бөліміне Шамалған ауылының 72 жастағы тұрғыны түнгі уақытта оның 21 жасар қызын терезеден ұрлап кеткендігі туралы арызданған. Ол белгісіз біреудің терезені бұзып, күш қолдану қатерін төндіре қызын белгісіз бағытта алып кеткенін жеткізген.


«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері "LEXUS 470" автокөлігін Қаскелең қаласынан тоқтатқан. Көлікте 21 жастағы бойжеткен және оны ұрлады деген күдікке ілінген Шалқар ауылының тұрғыны болған. Бойжеткеннің бұған дейін айырылысып кеткен жігітінің түнгі уақытта қысқыш арқылы шегелермен бекітілген терезені бұзып, үйге кіріп, дөңгелекті жөндеу үшін пайдаланылатын шиланың көмегімен бойжеткенді қорқытып, оны ұрлап кеткендігі анықталды. Күдіктіні тәртіп сақшылары ұстағанға дейін адам жоқ жерлерде бірнеше рет тоқтап, қызғаныш салдарынан, бойжеткенді қолымен және аяғымен соққыға жыққан»,- деп хабарлайды Алматы облысы Қарасай аудандық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Асхат Данияр.


Күдікті азамат уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Одан алынған спиральді шило мен терезеден табылған қысқыштар іске зайғақзат ретінде тіркелді. Келтірілген дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Аталған дерек ҚР ҚК 125-бабы "Адам ұрлау" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.