Қарасайлық дәрігер қайтыс болды

2020-07-08 14:00:39

 Бүгінгі күні бүкіл әлем үшін қасірет әкелген індетпен күресу барысына алдыңғы шептен табылып жатқан ақ халаттылардың еңбегі ерен. Өзгенің өміріне араша түсіп, өз тағдырын бәйгеге тіккен дәрігерлер де өкінішке орай кесел жұқтырып, қайтыс болуда. 

Мәселен, тек Шымкент қаласының өзінде соңғы бір айда пневмониядан 9 дәрігер көз жұмған. Олардың қатарында білікті хирург, гинеколог, педиатр, лаборант, т.б. басқалар да бар... 

Ал осы аптада қарасайлық бір дәрігер көз жұмды. Бұл туралы аудандық орталық аурухананың инстаграмдағы ресми парақшасында хабарланды. Алайда, дәрігер неден қайтыс болғаны айтылмады. 

"Бүгін біздің ұжым білікті дәрігер,кәсіби маман,көркем мінезді жақсы адам Кенбаева Роза Кеңесовнадан мәңгілікке айрылды. Ол кісіні танитын барша әріптестері үшін орны толмас қайғылы жағдай.... Роза Кеңесовна еңбекке қабілетті, саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнаған еді. Талай адамның өмірі мен денсаулығын сақтау үшін тынбай еңбектеніп, сол үшін де "ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі" атанған. Арамыздан озып, бақилық болған әріптесіміздің отбасы мен туыстарының қайғысына ортақпыз. Қайғырып көңіл айтамыз..." делінген хабарламада. 

 

Нұргүл ӘЛМЕНБЕТОВА