Көлік министрлігінің ақпаратына сүйенсек, автожолдың жаңа бағыты Өскемен, Риддер қалалары және Туэкта (Ресей) елді мекені арқылы өтіп, Моңғолия шекарасына шығады.
Жаңа маршруттың Қазақстандағы учаскесі Өскемен қаласынан Ресей шекарасына дейінгі аралықта салынып қойды. Оның жалпы ұзындығы – 189 шақырым, 62 шақырымда күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Автожолдың көп бөлігі Ресей аумағы арқылы өтеді, егер көрші ел жол салуға келісім берсе, жаңа маршрут 837 шақырымды құрамақ.
Ал қазір қолданыстағы «Өскемен – Рубцовск – Барнаул – Туэкта автомобиль жолы – Моңғолия шекарасы» тас жолының ұзындығы 1 604 шақырымға дейін барады.
«Жаңа автожол жол жүру уақытын едәуір қысқартып, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік байланысын жақсартып қана қоймай, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуда маңызды қадам болады», — деп атап өтті Көлік министрлігі.