Депутаттың айтуынша, ақылы тұраққа 1 сағат көлік қоятын адамдар 100 теңге төлейді, оның 70 пайызын тұрақ иесі алса, 30 пайызын ғана мемлекет бюджетіне береді. Егер жүргізуші тегін емес тұрақтың белгісін байқамай қалса, 5000 мың теңге айыппұл төлейтіні тағы бар. Депутат Асхат Аймағамбетовтың дерегінше, кейінгі 9 айда ақылы автотұрақтан түскен айыппұл сомасы 1,7 миллиард теңгеге жеткен.
«Астанадағы көптеген әлеуметтік маңызы бар жерлерде ақылы автотұрақ қою, әсіресе Ботаникалық бақ сияқты орындарда, қала тұрғындарының наразылығын тудырып отыр. Ақылы тұрақтар көк сызықтармен белгіленеді, ал тұрақтың бір сағаттық құны 100 теңгені құрайды. Егер жүргізуші белгі немесе таңбаны байқамаса, ол шамамен 5000 теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Қала әкімінің орынбасарының мәліметінше, осы жылдың 9 айында ақылы тұрақтардан түскен айыппұл сомасы 1,7 миллиард теңгеге жеткен. Дегенмен, бұл жүйенің қаржылық бөлігі сұрақтар тудырды. Әрбір 100 теңгеден 70%-ы тұрақтарды басқаратын жеке компанияның үлесіне тиеді, ал 30%-ы ғана қалалық бюджетке түседі», — дейді депутат.
Аймағамбетов өзі басқарып отырған комитеттің монополист компанияның иелері туралы ақпарат та сұратқанын айтты.
«Мұндай шаралар қала тұрғындарының наразылығын тудыруда. Қала бюджетіне бұл төлемдерден үлкенірек, кем дегенде 90% түсіп, сонымен қатар, қоғамдық пайдалануға арналған орындарда тегін автотұрақтар санын көбейту керек деп санаймыз. Айыппұл сомасын едәуір азайту немесе тіпті оны алып тастау қажет, ал төленбеген қаражатты жеке компания азаматтық тәртіпте өзі қайтарып алуы керек. Бұл ұсыныс қала тұрғындарына жеңілдік беріп, әлеуметтік шиеленісті азайтуы мүмкін, сонымен қатар, қала бюджетінің мүдделерін қорғап, жеке компанияларға қатынасты әділеттілікті қамтамасыз етеді», — деді ол.