«Қайтыс болған зейнеткерге 13 млн теңге артық төленген»: министрлік оның жесірін сотқа берді

2024-10-16 10:27:48

«73 жастағы зейнеткер 2000-2021 жылдар аралығында жасы бойынша зейнетақы алған. Зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде төтенше радиациялық қауіпті аймақта тұратыны туралы Семей облысы Бесқарағай ауданының мұрағатынан анықтама берген. 2021 жылы уәкілетті органның тексеруі кезінде оның төтенше радиациялық қауіпті аймақта тұруы туралы ақпарат ішінара расталды.

Көбейтілген зейнетақыны заңсыз алу фактісіне сілтеме жасай отырып, оған артық төленген 13 миллион теңгеден астам соманы белгілей отырып, зейнетақы мөлшері қайта есептелді. 2021 жылғы 15 шілдеде зейнеткерге артық төленген соманы қайтару туралы талап-хабарлама және құқығының жоқтығына байланысты зейнетақы төлемдерінен бас тарту туралы шешім, сондай-ақ жалпы негізде зейнетақы тағайындау туралы өтініш тапсырылған. 2021 жылдың 16 шілдесінде зейнеткер қайтыс болған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұрагер ретінде жесір әйелден артық төленген зейнетақының 13 миллион теңгеден астамын өндіру туралы сотқа шағым түсірген», — деп жазылды Жоғарғы соттың хабарламасында.

Уәкілетті орган қайтыс болған зейнеткер заңсыз байыған, енді оның қарызын мұрагері қайтарсын деген талап қойған. Бірінші сатыдағы сот министрліктің талабынан бас тартқан, ал апеляциялық сот олардың талабын орынды деп таныған.

Жоғарғы сот бірінші сатыдағы соттың шешімін қалдырып, апелляция жесір әйелге артық төленген зейнетақыны өтеу міндетін негізсіз жүктеген деп таныды.