2 қазан күні Ақтөбе қаласы №23 мектептің ауласында жасөспірімдер арасында төбелес болды. Мектеп ауласында футбол ойнап жатқан жоғары сынып оқушыларына сырттан студенттер келіп тиіскен. Ата-аналар болған жайды баяндады.
“Футбол алаңында 10-11-сынып оқушылары болған. Бұлар алғашында бір топ баланың қашып бара жатқанын, оның артынан тағы бір топтың қуып бара жатқанын көргенін айтады. Қашқандарды ұстай алмағандар біздің балаларымызға келіп ұрынған. “Кімсіңдер” деп тиіскен. Бұлар осы мектептің оқушыларымыз деген екен, олар өздерін “Шалқарлықпыз” деп таныстырған. Сол жерде бір баланы шақырып алып оған тиіседі, пышақ көрсетеді. Сол жерде құтқаруға жүгіріп келген менің баламның жамбасына пышақ сұққан. Үлкен қанжар пышақ салған. Үш күн ауруханаға жатып шықты. Балам осы уақытқа дейін емделді. Кейін білдік, олар мектептің қасындағы колледж студенттері болып шықты. Мектеп камерасына түскен. Екі баланы пышақтап, тағы бір баланы соққыға жығып тұр. Ойнап жатқан балаларға ұрынып, жаппай төбелес жасағандардың бәрі жауапқа тартылу керек”, – деді оқушының анасы Сара Қожанова.
Ата-аналар оқиға орнына келіп жағдайды баяндап берді. Олар балаларын тепкінің астына алған күдіктілер жазадан құтылып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Фото: Stan.kz
“Балам №23 мектептің 11-сыныбында оқиды. Сол күні кешкілік осы мектеп ауласына футбол ойнауға келді. Баламның айтуынша, бірін-бірі қуып бара жатқан топты бұлар ойындарын тоқтатып, қызықтап қарайды. Олар жүгіріп кеткен соң әрі қарай ойнаған. Кейін балалар қайтып келіп, алаңның сыртында тұрып бұларды балағаттаған. Менің балам сол жерде “дұрыс сөйлейік” деген. Сол кезде олар футбол алаңының ішіне кіріп “жаңағы сөйлеп тұрған кім” деп баламның қасына келеді. 3-4 бала қоршап жеке шығарып алады. Өздерін “Шалқарданбыз” деп айтқан. Бұлар футбол ойнап жатырмыз, жөндеріңе кетіңдер дегенде “қатты сөйлеп қоясың ба” деп ішіне пышақ тақайды. Бірнеше бала жабылған. Басына секірген. Пышақ сермеп қорқытқан. Топ баланың арасында үш бала қалып қойған”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Сондай-ақ оның сөзінше сол күні баласы жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
“Жабық бас ми жарақаты, жақ жарақатын алды. Балам әлі толық жазылған жоқ. Біздің алаңдайтынымыз — кінәлілер әлі толық ұсталған жоқ. Колледж мектепке тиіп тұр. Біз қорқамыз. Олар қайта қорқытуы мүмкін. Қай жерден күтіп алып тиіседі деп қорқамыз. Тергеу амалдары жай жүріп жатыр. Әлі беттестіру болмады. Біз кінәлілердің бәрі жауапқа тартылуын сұраймыз. Неге балалар қорқынышта жүру керек балалар үшін қорқамыз“, – деді ата-ана Айнұр Аққойшина.
Оқиға мектеп ауласында болса да күзетші келмеген. Ата-аналар қансырап көмек сұраған оқушының мектеп есігін аша алмай, көшеден көмек сұрап кеткенін айтады.
“Олар ҰБТ дайындалып шыққан соң футбол ойнап қалған. Сырттан келген балалар ұрып тұр. Үш дос бала бірін-бірі қорғаған. Балалардың айтуынша 15 бала келген. Менің баламды жабылып ұрған, бөкседен үш жерден пышақ сұққан. “Пышақпен құлағыңды кесемін” деп қорқытқан. Балам құлағын жауып жатқан. Көзінің тұсынан теуіп кетіп қалған. Күзетші есік ашпаған. Қансырап жолдың арғы бетіндегі дүкеннен көмек сұраған Полиция, 103 қызметін шақырған. Жарасын тігіп ота жасады. Біз алаңдап отырмыз”, – деді ата-ана Шынар Балтабекова.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқиғаның болғанын, оқушыларға студенттердің тиіскенін растайды.
“2 қазан сағат 20.00 шамасында 23 орта мектеп-лицейінің футбол алаңында ойнап жүрген оқушыларға бір топ жасөспірім келіп соқтығысқан. Соқтығысу нәтижесінде күдікті топ кәмелетке толмаған 2 жасөспірімге пышақ, біреуіне дене жарақатын салды. Жарақат салған күдікті топ колледж студенттері екені анықталып, қазіргі таңда оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Жәбірленуші білім алушылардың жағдайлары бірқалыпты. Қазіргі таңда оқуларын жалғастыруда”, – деп хабарлайды Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
Білім басқармасының айтуынша, сол күні Ақтөбеде Шалқар қаласындағы “Бойна” және “Маяковский” шағын аудандарының балалары кездесуге уағдаласқан. Алайда, “Бойна” шағын ауданының жасөспірімдері қақтығыстан қашып, “Маяковский” ауданының жасөспірімдері №23 орта мектеп-лицейінің алаңында футбол ойнап жүрген мектеп оқушыларына барып соқтығысқан деген мәліметті айтты. Полиция оқиғаға қатысты өңірде тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
“Ақтөбе қаласында футбол ойнап жатқан жастар мен сол жерден өтіп бара жатқан жігіттер арасында жанжал туындап, нәтижесінде 2 жас бала жамбас аймағынан пышақ жарақатын алып, медициналық мекемеге жүгінді. Оқиғаға қатысушылар анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Екі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚПК 201-бабының тәртібінде өзге ақпарат жария етілмейді”, – деді Ақтөбе облыстық полиция департаменті.
Ал денсаулық басқармасының мәліметінше, сол күні ауруханаға төрт жасөспірім жеткізілген.
“Ауруханаға төрт бала жеткізілді. 2007 және 2008 жылғы екі жасөспірім травматология бөліміне жатқызылды. Бас ми жарақатын алған 2008 жылғы үшінші бала нейрохирургияға жатқызылды. Дене жарақатын төртінші бала госпитализацияны қажет етпеді”,-деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.