ДЕПУТАТТЫҢ ҚЫЗЫ НЕ ДЕЙДІ
Жазбасында Аиди Жұмаділова жүйеге наразылығын білдіреді. Жылдар бойы құқық қорғау органдарында “бір ғана адамдар отырғанын, олар қалтасын толтырып, ұрпағы үшін жүргенін, ештеңе өзгермегенін” жазады.
– Осы жүйеде бірде-бір адал адамның жоқ болғаны ма? Қылмыскерлер еркіндікте жүреді де, ұяты жоқ әйелмен байланысқан менің бауырым қалай осынау лас оқиғаның бел ортасында қалады? Екі мас адвокат кіріп келіп, провокация жасап, ұрсысып, ортаңғы саусағын көрсетіп, келесі күні сотқа беру үшін ұялы телефондарын да дайындап тұрған. Сіздердің судьяларыңыз оларға “өз” дәрігерлерінен алынған “денсаулыққа орташа зиян келгенін” растайтын жалған медициналық анықтаманы сотта көрсетуге рұқсат етті. Ол үшін ауруханада адам бірнеше күн жатуы керек еді ғой, бірақ олар 50 мың доллар талап етіп, келесі күні Тұрлыхановтың есігін қағып тұрған. Бұл абсурд! Олар осындай циркті ұйымдастырса да, менің бауырым келесі күні гүл ұстап, Черновтарға барған, – деп жазады депутаттың қызы.
Аиди Жұмаділова адвокаттар бауыры мен әкесінің артынан жаман сөз боратқанын жазады. Сөзінше, Черновтардың әрекеті салдарынан ата-анасы екі рет жүрек талмасына ұшыраған.
– Браслет кигіздіңдер! Сонда не?! Ол досының туған күніне барды. Ол браслеттің зарядкасын алып кетті. Сол үшін ғана 21 жастағы жігітті неге түрмеге тығасыңдар? Қазақстан армиясында болған жігітті! Сендер оның өмірін құрттыңдар! “Жаңа Қазақстан” деген осы ма? – деп жазады ол.
Аиди Жұмаділова әкесінің спорттық жетістіктерін тізбектейді. “Алаяқтардың салдарынан адал адамдардың өмірін құрттыңдар” деп есептейді. Бауырын мейірімді адам деп мақтайды.
Сторисінде Тұрлыхановтың қызы адвокат Черновтарға қарғысын жаудырып, Черноваға “қорқынышта өмір сүр, Алладан жазаңды күт” деп жазған.
СОТТА ҚАРАЛҒАН ІС
11 қазанда депутаттың ұлын көрермендер блогер Арай Ысқақованың туған күнінде көріп қойған. Нұрасыл Болат ерлі-зайыпты адвокат Черновтарды сабағаннан кейін пробацияға ілінген. Сондықтан түнде алкоголь сататын немесе ойын-сауық мекемелеріне баруға құқығы жоқ. Сонымен қатар, 12 қазанда таңертең ол тағы бір рет пробациялық бақылауды бұзғаны белгілі болған.
Пробациялық қызмет пен прокуратура бұл екі жағдай бас бостандығынан шектеуден бас бостандығынан айыруға ауыстыруға себеп болуға жетеді деп есептейді.
Өткен аптада бұл іс бойынша отырыс кейінге қалдырылған.
НҰРАСЫЛ БОЛАТТЫҢ ІСІ
2023 жылдың 11 ақпанында әскери қызметкер Нұрасыл Болат Алматыдағы түнгі клубтың жанында ерлі-зайыпты Анна мен Олег Черновтарды ұрып-соққан болатын.
2023 жылдың қазан айында Алматы гарнизонының әскери соты депутаттың ұлына 1 млн 720 мың теңге айыппұл салған. Бұдан басқа, жәбірленушілердің пайдасына 1 млн теңге мөлшерінде моральдық өтемақы және өкілдің қызметтеріне ақы төлеу бойынша 1,6 млн теңге сомасында шығын өндірілді. Зардап шеккен тараптың адвокаттары судьяның шешімімен келіспей, шағым түсіріп, ған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Осылайша, бірнеше инстанцияда қаралған іс жоғарғы сотқа жетіп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Нұрасыл Болатқа екі жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған. Сондай-ақ, моральдық зиянды өтеу сомасы әрқайсысына 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылған.
Бұған дейін Депутат Дәулет Тұрлыханов пробациялық бақылауда жүрген ұлының мәселесіне байланысты журналистердің сұрақтарына жауап берген. Ол ұлының денсаулығына алаңдайды.