Дубайдағы зәулім үй мен «Дәуір» баспасы: Назарбаевтардың келіні қандай ісімен есте қалды

2024-10-23 08:27:33

ЕКІ ҰЛДЫҢ АНАСЫ

Светлана Мырзахметқызы Назарбаева Алматы облысының Лепсі ауылында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазПИ-ді бітірген, білімі бойынша филолог, педагогика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1970 жылы Алматы мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастаған.

Оның Сатыбалды Назарбаевқа қашан тұрмысқа шыққаны туралы еш жерде айтылмайды. Ол кездері әулет хронологиясын ешкім жүргізбеген. Есесіне кейін оның Қайрат Сатыбалды мен Самат Әбіштің анасы екендігін айтып жүрді. Бізге белгілісі, Сатыбалды Назарбаев жол апатынан қайтыс болды.

НАРЫҚТАҒЫ МОНОПОЛИЯ

2003 жылы Светлана Мырзахметқызы республикалық «Дәуір» полиграфиялық баспа кешенін басқарып, күтпеген жерден ірі кәсіпкер атанады. Ол әлі күнге дейін ең ірі, ең үлкен бірлестіктердің бірі болып саналады. Оның құрамына типография, баспахана, жеткізу құны, яғни, тауарды тұтынушыға жеткізу қызметі кіреді.

Баспа кешені үшін осыдан «Монограф» атты қуатты баспа машинасы сатып алынды. Сол кездері оның құны ондаған мың АҚШ доллары тұратын. Оның құдіреті сол – сағатына ақ-қара және түрлі-түсті газеттер мен журналдардың отыз бес мың данасын шығаруға қауқары жететін. Әрине, бұл өз кезегінде баспаның даңқын шығарып, осы нарықтағы бәсекелестерін ығыстырды. Айта кетейік, қазірдің өзінде мұндай қуатты машина елімізде тек 2-3 қана баспада бар.

Типография визитка, журнал, газет пен кітап басып шығаратын. Оның үстіне мұнда мемлекеттік тапсырысты айтпаған күннің өзінде, кеңсе тауарлары, мектепке қажет оқу құралдары: кітап, дәптер, табель, журнал, күнделік секілді тауарлар басылып шықты.

АРТЫҚШЫЛЫҚТЫҢ ДА АРТАР САЛМАҒЫ БАР

Қазақстанның саяси өмірінде үлкен рөл атқарған Н.Назарбаевтың келіні болу да оңай емес. Үнемі қоғам назарында жүресің. Оның кәсіпкерлікте жеткен жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың билікте болуымен байланыстырылды, алайда ол өзі үлкен саясатқа араласқан емес. Ұлдары туралы әңгіме басқа.

Көптің көкейін тескен бір сұрақ бүгінге дейін жауапсыз қалып барады. Оның кәсіпкерлік табысы Назарбаевтардың ықпалының арқасы ма, әлде өзі де кәсіпкерлік қабілеттен жұрдай емес, қолынан іс келетін бе еді деген сұрақ.

БІР КӨЗДЕН САТЫП АЛУ (ТЕНДЕР)

Айта кетейік, Светлана Назарбаеваның табысты бизнесі оның іскерлік қасиеттерімен ғана байланысты дегенге ешкім ешқашан сенбеген. Керісінше, бұл оның биліктің жоғары эшелонындағы байланыстары арқылы мемлекеттік тапсырыстарды оңай алуы дейтін. Ол мемлекеттік тапсырыстарды алды, бұл оған бюджет қаражатын бөлуге ықпал етуге мүмкіндік берді деп болжауға болады. Бұл жағдайлар сыбайлас жемқорлық пен тиімсіз басқару күмәнін туғызды. Өйткені көптеген келісімшарт оның еншілес компанияларымен жасалды.
Осыдан екі жыл бұрын «Дәуір» баспасы 1,4 миллиард теңгеге мемлекеттік тапсырыс алды, деп жазды Halyq Uni сайты. Мемлекеттік сатып алу порталының хабарлауынша, ол кезде компания бір көзден алу тәсілімен бірнеше тендерді ұтып алған. Оның үстіне, бұл оның ұлы Қайрат Сатыбалды қамауға алынған кезде болған.

Баспа сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігінен «әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді» басып шығару үшін тендер ұтып алды. Айтпақшы, ол әлі де еліміздің «ең маңызды» газеттері – «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерін басып шығарады.

АБЫСЫН

Уақыт өте Светлана Назарбаева мемлекеттік сатып алудың белсенді қатысушысы ретінде баспаның ірі тапсырыс берушісі – Сара Назарбаеваның бастамасымен құрылған «Бөбек» сауықтыру орталығынан кітаптарды басып шығаруға келісімшарттар алды. Бұл Сара Алпысқызының «Әмір әдебі», «Этика жизни», «Путь к себе» атты кітаптарының басып шығарылуы еді.

Ашық дереккөздердің хабарлауынша, Светлана Назарбаеваның «Баспа сервис» компаниясы көтерме саудамен айналысады. «Интердизайн-АС» ЖШС жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысады.

Азаттық радиосының жуырда жүргізген зерттеуі «Қазақстанның екінші астанасы» Дубайдағы беделді SHAMS-4 тұрғын үй кешенінде ұлы Қайрат Сатыбалданың отбасына тиесілі бірнеше пәтер бар екенін, ал оның анасы көрші пәтердің иесі болғанын көрсетті.

ТЕКТІ АЛЫП ЖҮРУДІҢ АЗАБЫ

«Ескі Қазақстанның» символына айналған Н.Назарбаев пен оның әулетінің жемқорлық іс-әрекеттері мен билікті өз мақсатына пайдалануы Қазақстан халқының есінен шыға қояр ма екен?
– Мен өмір бойы үлкен жауапкершілікті сезініп өттім, Назарбаевтар тегіне кір келтірмеуге тырыстым. Бұл текті алып жүру өте ауыр, – дейді бір сұқбатында Светлана Назарбаева.
Әрине, Назарбаев тегін алғандардың жүгі алдағы уақыттарда да жеңілдей қоймасы анық. Алда талай істер ашылып, талай жанның мәселесі шаммен қаралар деп ойлаймыз.