Қазақстан биылғы астығын қай елдерге экспорттайды

2024-10-23 08:27:33

Оның айтуынша, Қазақстанның 2024 жылға астық дақылдары бойынша экспорт әлеуеті 12 млн тонна, оның ішінде 7-7,5 млн тонна бидай, 1,3-1,4 млн тонна арпа, 300 мың тонна жүгері. Ал  майлы дақылдар бойынша 1 млн тоннадан асады.

«Орталық Азия мен Ауғанстанға  4,2 млн тонна бидай жеткізіледі деп күтілуде. Қытайға жалпы астық экспорты 2023 жылы 1,43 млн тонннаны құрап, былтырғымен салыстырғанда 5,5 есе өскен. Оның ішінде бидайдың үлесі 538,8 мың тонна, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 15 есе артық. Бұл Қытайға экспорт көлемін 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Дегенмен, Қытай шекарасындағы кідірістер мен лицензиялау шарттары әлі де шешілген жоқ», — дейді Төребаев үкімет отырысында.

Ол жаһандық сұраныстың артуы және өнімділіктің төмендеуіне байланысты Италия, Латвия, Испания сияқты ЕО елдері маңызды нарық болып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстан үшін бидайды Ресей арқылы транзиттеу және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша шығындарды азайту өзекті.

«Түркия мен Таяу Шығысқа шамамен 1 млн тонна бидай экспорттау мүмкіндігі бар. Иранға арпа жеткізуді қалпына келтіру маңызды, сауда және логистика мәселелері шешіліп жатыр. Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзия нарықтарында қазақстандық бидай брендін ілгерілету жұмыстары жандандырылады», -деді вице-министр.

Айтуынша, Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп, экспорттық логистика мен бағалар көрсетілген  ұсыныстар (офферлер) әзірленген.

«Бұл ұсыныстар Қазақстанның 14 тұрақты өкілдігіне жіберіліп, белсенді түрде жұмыс жүргізілуде. Арменияға 600 мың тонна, Италияға 1 млн тонна бидай жөнелту туралы келіссөз жасалып жатыр. Сонымен қатар, Солтүстік Африка елдеріне 200 мың тонна экспорт бойынша келісімдер жүргізілуде», — деді Төребаев.