Депутаттар көлік министрі Марат Қарабаевтан таксиге тапсырыс беруге арналған қосымшалардың иелері өзін-өзі реттейтін ұйымдарға мүше болуға қалай міндеттеледі деп сұрады.
Қарабаев такси платформалары өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болу туралы талапты орындамаса, қызмет ету құқығынан айырылатынын атап өтті.
«Біз ұсынып отырған заң жобасында екі мәселе қарастырылған. Біріншісі міндетті түрде, екіншісі ерікті түрде мүше болу. Сіз айтып отырған алпауыт интернет агрегаттары осындай өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болуға міндеттеледі. Егер ол өзін-өзі реттеу ұйымдарына мүше болмаса, қызметі заңсыз деп танылады. Ал заңсыз қызмет атқарған ұйымның жұмысына тыйым салатын нормалар жалпы заңнамада бар. Сондықтан осындай үлкен интернет платформалар өз қызметін сақтап қалу үшін міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болады. Яғни, олар бұған мүдделі болады», — деді министр.