Күріш ботқа, қара шай, 14 мың теңге стипендия: Ақтөбедегі болашақ ұшқыштар қалай білім алып жүр (ФОТО)

2024-10-23 16:27:28

Таң қылаң бере Астанадан бір топ журналист әскери ұшақтың бортына отырып, Орта Азияда жалғыз теңдесі жоқ ұшқыштар даярлайтын  институтқа аттанды. Мақсат – оқу ордасының оқытушылары және курсанттарымен сөйлесіп, қазақ аспанын қорғайтын жас жауынгерлердің дайындығын бақылау, бір күндік өмірінен үзінді көру.

Бүгінде Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтында 500-ге жуық курсант білім алады. Биылдың өзінде 289 талапкер оқуға түскен. Олар ай сайынғы стипендия, оқу формасы, жатын орны, ішетін тамағымен қамтылған.1-2 курс курсанттары 14207 теңге, 3-4 курс курсанттары 24654 теңге стипендия алады. 2025 жылдан бастап шәкіртақы 25 пайызға артпақ.

Астанадан шыққан ұшақ екі жарым сағаттан кейін Ақтөбенің аэропортына келіп қонды. Институт қызметкерлері журналистерді ары қарай таңғы асқа алып кетті. Шағын ғана жұпыны асхана мәзірінде күріш ботқа, асқан жұмыртқа, қара шай мен нан, ірімшік мен шұжығы бар екен. Қолына шәугімін ұстаған, орта жастағы даяшы әйел «кімге тағы шай керек» деп қаз-қатар тамақ ішуге жиналғандардың арасынан бір жүріп өтті. Бұл курсанттардың күнделікті таңғы асы болса керек.

Іс-шараны ұйымдастырушылар болашақ ұшқыштарды даярлайтын Ақтөбе аэродромында чехтың L — 410 «Turbolet» ұшағымен таныстырды. Жергілікті әуе жолдарымен ұшуға арналған қосматорлы көпмақсатты ұшақ 1800 келі салмақты көтеруге, 19 жолаушыны тасымалдауға қауқарлы. Бір дегенде 900 шақырым жерді шарлап шыға алады.

Екіншісі, Zlin Z 242L оқу-жаттығуға арналған жеңіл екі орындық ұшақ. Жас авиация мамандары әуелі осы ұшақты басқарып үйренеді. Сонымен қатар институттың 50 жылдық мерейтойына арнап берілген 10 жауынгерлік дроны оқу бағдарламасында қолданылады.

«Жоғары оқу орнының жұмыс істеп келе жатқанына жарты ғасыр толды. Алғаш рет 1974 жылы инженер-ұшқыштар даярлау үшін азаматтық авияциялық училище болып құрылған. Оның дәл Ақтөбе қаласында ашылуының өзіндік мәні бар, ұшу жатттығуларына аймақтың климаты ыңғайлы. 2003 жылы Кеңес Одағының екі мәрте батыр атағын алған Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институты деп атала бастады. Жыл сайын жүзге жуық мамандарды дайындап шығарамыз», — деді оқу орнының тарихынан үзік сыр айтқан подполковник Сәбит Куртаев.

Институт қабырғасында шағын бір бөлмелі мұражай бар. Мұнда екінші дүниежүзілік соғыс кезінен қалған қару-жарақтар қойылған. Музейдің маңдайтасына «2002 жылғы түлектерден» деген жазу жазылған. Кіреберісте атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлының сөзі жазылған бедер тақта орналасқан.

«Студенттер тек университет қабырғасында теориялық білім алып қоймай, болашақ ұшқыштар әуе айлағында тәжірибеден өтеді. Былтыр екі чехиялық оқу-тасымалдау ұшағын алдырдық. Олар жаңа заманғы талапқа сай техникамен жарақтандырылған, кабинкалары әйнекпен қапталған. Биылдан бастап дрон операторларын даярлап жатырмыз», — деді подполковник.

Екінші далалық әуе айлағы «Хлебодаровка» Мәртөк ауданында орналасқан. Интститутпен арасы жарты сағатқа жетер-жетпес уақытты алады. Мұнда әлемде жаппай қолданылатын екі қозғалтқышы бар Ми-8 тікұшағымен оқу-жаттығулар өтеді. Тікұшақтың ұшу ұзақтығы 1200 шақырым, 4 жарым мың метрге дейін көтеріле алады. Үшінші әуе айлағы Қарағанды облысында Балқаш қаласында орналасқан.

Айта кетерлік жайт, Әуе қорғаныс күштері әскери институты мен Батыс Қазақстан медицина университетінің арасында әскери дәрігерлерді даярлап шығу мақсатында меморандумға қол қойылған. Қазір 115 курсант медициналық білім алып жатыр. Әскери саладаға дәрігерлердің жетіспеу мәселесі осылайша шешімін тапқан. Жас мамандар қос дипломды бағдарламаны бітірген соң, әскери госпитальдарда жұмыс істейді.

 

Последние новости

23.10.2024
«Әркім ойына келгенін істеп жатыр»: Жаңбыршин елдегі қазба орындардың проблемасын көтерді
23.10.2024
Ұлықпан Жолдасов Ақбота Керімбекова қарсы шыққан Мұрат Әбділдаға 3 ән жазып берді (ВИДЕО)
23.10.2024
Қазақстанда такси қызметін жаңа өзгерістер күтіп тұр
23.10.2024
«Кім көрінгеннен жаман сөз естігіміз келмейді»: Ринат Зайытов такси қызметіне енетін өзгерістер туралы айтты
23.10.2024
Өлтіріп, суға лақытырып кеткен. Атырауда 5 күн бұрын жоғалған қыздың денесі табылды
23.10.2024
Сметовтің бапкері енді ай сайын 4 млн теңге қосымша айлық алады
23.10.2024
Маңғыстау облысының әкімдігі 40-қа жуық жетім баланы үй кезегіне қоймаған
23.10.2024
«Жүрекке ешкім жүргізе алмас әмірін»: Қайрат Нұртастың қысқа киінген әйелі көпшілікті ойландырып қойды