Ulysmedia.kz тілшісі бүгін осы ретте Астанада өткен шетелдік инвесторлардың кеңесінде өзі көрген бірнеше министрден осы мәселе жөнінде пікір біліп, сол басшылардың өздері де қанша айлық әрі сыйақы алатынын біліп көрді.
МИНИСТР МӘДИЕВ: МЕН СІЗДІҢ ЖАЛАҚЫҢЫЗДЫ СҰРАП ЖАТҚАН ЖОҚПЫН ҒОЙ
Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтен ведомство қызметкерлері қанша мөлшерде сыйақы алатыны сұралған. Оның айтуынша, қазір министрлікте “қосымша бонустар қарастырылмаған”. Сұрақ жалпы Мәдиевке жақпай қалғаны анық көрінді. Өз сыйақыларының мөлшері туралы сұрақтан жалтаруға тырысты.
– Менде премия жоқ. Мен сіздің жалақыңызды сұрап жатқан жоқпын ғой. Менің айлығым басқалардыкінен ерекшеленбейді. Басқа министрлердің айлығындай, – деді Мәдиев.
Ulysmedia.kz порталында бұған дейін Жаслан Мәдиевтің депутат Дүйсенбай Тұрғановтың күйеубаласы екені жөнінде мақала шыққан еді.
ШАҚҚАЛИЕВ: АЙЛЫҒЫМ – 1,24 МЛН ТЕҢГЕ
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев әріптесі Жаслан Мәдиевтен қарағанда ашық болып шықты.
– Сыйақы жағынан бізде ешқандай ерекшелік жоқ. Қарапайым маман болсын, департаменттің басшысы болсын, бізде мысалы, мереке күндері 100 пайыз берер болса, бәріне 100 пайыз береміз. Ал тоқсандық немесе жылдың аяғында бәрі жұмыстың нәтижесіне байланысты. Бізде факторлы-балды шкала (ФБШ) деген бар. Ол бойынша қызметкер жақсы жұмыс істеп, нысаналы индикаторға жетсе, толық сыйақы алады. Соған қараймыз. Еңбек атқару тәртібі деген де бар. Соған байланысты біз қаржы жағынан мүмкіндік болса, сыйақы мәселесін шешеміз, – деді Шаққалиев.
Министр өзінің айлығы 1,24 млн теңге алатынын айтты. “Егер маған 50 пайыз сыйақы берілсе, біздің мамандарға да 50 пайыз беріледі, мерекелік болса” дейді.
ЖҮРЕ ТЫҢДАҒАН САПАРОВ
Бұл сұрақ қойылғанда ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров “асығып бара жатырмын” деп, журналистерді жүре тыңдады.
– Ол жерде мемлекеттік сатып алудан ақша үнемделсе, оны мемлекетке қайтару туралы айтылды. Ал егер айлық қорынан болса, ол беріле береді, – деді ол.
“Өз премияңыз қанша?” деген сұраққа Айдарбек Сапаров “мен айта алмаймын, сыйақыны мамандар алсын деп, соларға көбірек берем” деді. “Сіз өзіңіздікін қызметкерлеріңізге бересіз бе?” деген сұраққа “жоқ, мерекеге премия болса, барлығы бірдей алады” деді.
– Ал біздің сыйақы айлыққа байланысты, – деп жүре тыңдап кете барды Сапаров.
САЯСАТ НҰРБЕК АЙЛЫҒЫН АЙТҚЫСЫ КЕЛМЕДІ
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те журналистерге сыйақы тәртібі қалай болатынын түсіндірумен болды. Ол өз министрлігінде тек жоспарланған сыйақылар барын айтады.
– Соңғы рет Республика күніне жалақымнан 80 пайыз (сыйақы) берілді. Бүкіл біздің қызметкерлерге, – деді ол.
Жалақыңыз қанша деген сұраққа “белгіленген өз тарифі бар, менің мемлекеттік қызметтегі жұмыс өтілім көп емес, сондықтан ең төмен деңгейде алып отырмын” деп жауап берді. Жылдың соңына дейін Саясат Нұрбек қызметкерлеріне тағы бір рет сыйақы берілетінін айтты. Ал сыйақыны қысқарту шешімін министрдің өзі қолдайтын болып шықты.
– Енді сондай шешім қабылданды. Қазіргі таңда үнемделген қаражатты Қаржы министрлігі өздері қайтарып отырады. Экономикалық жағдай оңай емес. Сондықтан, менің бұл дұрыс шешім, – дейді ол.
Журналистер бірнеше рет қайтара сұрағаынан қарамастан, Саясат Нұрбек өзінің айлығын айтпай қойды.
СЫЙАҚЫ ЖАЙЛЫ
Қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік қызметкерлерге бұдан былай сыйақы берілмейтінін кеше айтқан еді. Қаржы министрлігі осы ретте кейін түсіндірме берген. Ресми мәліметке сүйенсек, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті орындау бойынша мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне сәйкес сыйақыны үнемдеу бағыттарына кейбір шектеулер қойылғаны рас. Алайда сыйақы беруге байланысты жоспарланған қаражат қысқартылмайды. «Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстаның органдарының қызметкерлеріне сыйақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларын бекіту туралы» №1127 қаулысына сәйкес, тек белгілі бір үнемдеу болған жағдайда ғана қаражат сыйлықақыны тағайындауға және тиісті жетістіктер болған кезде ғана жіберілуі мүмкін.