Адамдарды тырнап, тістеу фактілері кездескен – депутат квадробика мәселесіне алаңдаушылық білдірді

2024-11-06 16:27:47

«Квадроберлер дегеніміз кім? Қарапайым тілде айтсам, олар адам болудан бас тартып, күнделікті өмірде өздерін жануарларға теңеп, төрт аяқтап жүріп, жануар кейпіндегі бетпердемен жүреді. Итше, мысықша өмір кешіп, соларды дыбыстайды. Бұл еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге төніп тұрған қатер. Мәшһүрше айтқанда «Атайын десең аң емес, сояйын десең мал еместің» дәл өзі. Олар тек сыртқы кейпін өзгертіп қана қоймай, иттерге тән әрекеттер жасап, адамдарға шабуылдау, яғни тырнау, тістеу фактілері де кездескен. Дәл бұл оқиғалар көрші Ресей және Өзбекстан елдерінде тіркеліп үлгерді. Бұл бұл ма?!  Әлеуметтік желілерде квадробер болуды үйрететін арнайы топтар, жабық арналар пайда болып, арнайы сабақтар да ұйымдастыруда», — дейді ол.

Депутаттың сөзінше, бұған балалық қылық деп қарауға болмайды. Өйткені балалардың психологиясы мен әлеуметтік дамуына кері әсер тигізіп, шектен шығып барады.

«Ал батыс елдерінде балалар сабақта сөйлеуден бас тартып, жануарша дыбыстауды шығарған. Бұл субмәдениет өкілдеріне арнап арнайы кештер ұйымдастырылатын болған. Сонымен қатар, квадробер болуға қажетті заттарды сату жаңа бизнес көзіне айналып, интернетте жоғары бағада сатылуда. Ең қорқыныштысы балалар бұл ойыннан психологиялық зардап шегіп, адам болудан қалады. Адамдық проблемалардан қашып, жануар болуға әуестенеді. Біз бұл мәселеленің алдын алмасақ, білдей бір ұрпақтан айрылу алдында тұрмыз. Бала бойына адамдық құндылық ұялатудың орнына, кері кету процесі алға шықты», — дейді ол.

Мұқаевтың айтуынша, қазіргі таңда әлем елдері бұл мәселеге дабыл қағып, балаларға ерекше көңіл бөлуге шақыруда.

«Балалардың бұл дүниеге қызығушылығын байқағанда, ата-аналарға атүсті қарамай, дереу әрекет етуді ескертуде. Бұл тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның және мемлекеттің назар аударарлық мәселесі. Біз болып, сіз болып бұл мәселеге әлеуметтік және құқықтық тосқауыл жасап, әлеуметтік желілерді қатаң бақылауымыз қажет. Бүгінде Ресейде бұл мәселе бойынша заң қабылдау талқыланса, өзбек халқы ата-анаға міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін айыппұл салу мәселесін қолға алған. Мұндай әлеуметтік трендтер жылдам етек алуына байланысты, шұғыл әрекеттерді талап етеді. Балаларымыздың болашағы мемлекет пен қоғамның жіті бақылауында болуы керек. Біздің елде де құзырлы органдар бұл мәселені жан-жақты зерттеп, алдын алу бойынша кешенді шаралар қабылдауы тиіс», — деп сөзін түйіндеді депутат.