«Тұншықтырып, қылқындырған»: Жаркенттегі офицердің өлімі жайлы туысы не естігенін айтты

2024-11-15 10:27:46

ТУЫСЫ НЕ ДЕЙДІ

– Өзіміздің Дархан. Неге десем, «білмеймін, үш солдат, бір офицер қинап өлтірген деп айтып жатыр, мына жақта» дейді. Жақсы дедім де, қойдым. Есімді жинай алмай отырдым. Марат ағамен сөйлескен кезде, жанында балалар тұрды, әскери полицияның бір офицері, подполковник айтты «иә,  тұншықтырған, қылқындырған, барлық орыны бар, бәрін анықтамаға жазды» деп. Енді сараптаманы бір айдан кейін аласыңдар деді, – дейді телеарнаға марқұмның туысы Гүлмира Сабырова.

26 жастағы Дәулет Нұрланұлы Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің  институтында оқыған. Отарда біраз қызмет еткен. Жаркенттегі 74261 әскери бөліміне ауысып, екі айдан кейін көз жұмды.

САРБАЗДЫҢ ҚАЗАСЫ

Жетісу облысындағы Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің біріндегі офицердің қазасы кеше хабарланған еді. Бұл туралы Құрлық әскерлері қолбасшылығының баспасөз қызметі мәлім етті. Ведомство мәліметі бойынша, қайғылы жағдай бүгін диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізу кезінде болған. “Қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан офицер алған жарақатынан қайтыс болды” ақпарат таратты баспасөз қызметі өкілдері.

Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалған.

ӘСКЕРДЕГІ ӨЛІМ

Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Біраз уақыт бұрын «Оймаша» полигонында оққа ұшқан әкенің «жалғыз ұлымнан айырылдым» деп шырылдаған үні бүкіл қоғамды тағы дүр сілкіндіріп, осы үрейді үдете түскен. Одан кейін Қорғаныс министрлігіне қарасты Абай облысы Аягөз ауданында орналасқан 10810 әскери бөлімінде жоғары оқу орнын бітіріп, әскери кафедрадан кейін барған әскери қызметкер көз жұмды.

Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінде кейінгі жылдары қанша сарбаз, қанша әскери қызметкер көз жұмғанын Ulysmedia.kz бұған дейін анықтап көрген еді.