Елдегі құрылыс компаниялары бұл салық түрінен сонау 2001 жылы босатылған. Осылайша үкімет үйдің бағасын арзандатпақ болды. Енді сол салық келер жылдан бастап қайта енгізілгелі отыр. Құрылыс компанияларына жеңілдік берілген 2001 жылдан бастап су жаңа баспананың құны 21 есе қымбаттапты.
Қазақстан құрылысшылар одағының Астана филиалының директоры Вячеслав Лазаревтің айтуынша, қазіргі уақытта құрылыс компаниялары шамамен 15 пайыздық пайдамен жұмыс істеп отыр.
«Егер 12 пайыздық салық енгізілетін болса, құрылыс компаниясы нөлге жұмыс істейді деген сөз. Сондықтан оларда екі-ақ бағыт бар: пайдасыз істейді немесе шаршы метр бағасын көтереді», — дейді ол.
Сарапшылардың болжамына сәйкес, жаңа салынған үйлердің бағасы көтерілсе, бұл екінші нарықтағы тұрғын үйлердің құнына да әсер етеді.