№202 мрашрутты автобустар халық сұранысына сай, 2018 жылдың желтоқсанынан бастап жүре бастаған. «Сайран» - «Үшқоңыр» автобекеті аралығында қатынайтын №202 маршрутты автобустар таңғы сағ 5.40- тан түнгі сағ. 23.30 аралығында Алматы мен Қаскелең арасын жалғап жүр. Ең бастысы және тиімдісі мұнда «Оңай» арқылы – 80 теңге төлеп, алаңсыз алып мегаполиске жетесіз. Ал, қолма-қол ақшамен төлеу құны 150 теңге. Маршрутты іске қосқан «Алматыэлектротранс» ЖШС. Қоғамдық көлік бүгінде қарасайлықтардың көңілінен шығып жүр.
Енді, жайлы көлікке әбден үйренген халық автобустарды үлкейтуді сұрап отыр. Сонымен қатар, Қаскелеңге кіргеннен нақты аялдамалардың жоқтығы жолаушылар мен тұрғындар арасында түсініспеушілік туғыза бастаған. Бұл жайлы аталған автобустың жүргізушілері редакциямызға хабарлап, жоқ дегенде аялдама белгілерін орнатуға ықпал етуімізді өтінген.
Маршрут бойынша, «Сайраннан» шыққан автобустар «Үшқоңыр» автобекетіне барып, қайтар жолда Қаскелең қаласының Жанғозин, Наурызбай батыр көшелерін басып өтеді. Жағалай, кез-келген жерде тұра қалып қол көтеріп, қоғамдық көлікті тоқтатқысы келетіндердің қатары қалың. Ал, автобустардың маршрутқа бөлінген уақыты шектеулі. Мұны түсінбеген жолаушылар бірден «Алматыэлектротранс» ЖШС-не қоңырау шалып, шағымданатын көрінеді. Осылай жүргізушілер сыйақыларынан қағылып, басшылық тарапынан сөгіс алуда.
Жағдайға қатысты, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айбар Жақанбаев жақсы жаңалық жеткізді. Мемлекеттік қызметшінің айтуынша, қазіргі таңда бүкіл қала көлеміндегі аялдамаларды қайта қалпына келтіру, қажетті жерлерге жаңаларын салу мәселесі қарастырылуда. Іс барасында №202 автобустар да назардан тыс қалмақ емес. Яғни, қыркүйек айына дейін аялдама белгілері Мақашев және Жанғозин көшелерінің бойына қойылатын болады.