Шамалған ауылында көкпар ойыны өтеді, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Ұлттық ат спорты ойындарының бірі - көкпар бүгінгі таңда жастар арасында үлкен қызығушылық туғызуда. Бұл әрине, көңіл қуантады. Себебі, бұл желмен жарысқан жүйріктің құлағында ойнап, тақымының мықтылығын, білегінің күштілігін байқатқан қазақ жігіттерінің көптігін, жастар арасындағы салт-дәстүрге деген сүйіспеншіліктің артқандығын айқындайды. Естетріңізде болса, былтыр ауқымды көкпар тартысы көршілес Жамбыл ауданында өткен еді. Сол кезде жамбылдық жігіттер эстафетаны қарасайлық азаматтарға жолдаған. Яғни, бұл – ауылы аралас, малы қоралас жатқан шекаралас екі ауданның ерлерінің бауырмалдығы мен достығының дәлелі деуге негіз бар.
Енді, Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойының құрметіне, көкпаршыларымыздың кезекті жарысы Шамалған ауылында өтпек. 2.11.2019 жылы «Үшқоңыр» спорт кешеніне қарама-қарсы орналасқан аумақта, сағат 10.00-де ұйымдастырылатын мықтылар бәсекесін жіберіп алмаңыздар.