Жеңіс жамбылдық жігіттерде / 5?

2019-11-05 14:12:35

 2 қарашада Шамалған ауылында облыстық ауқымдағы көкпар ойыны өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

 Естеріңізге салсақ, былтыр тартысты көкпар Жамбыл ауданында болып, көршілес шабандоздар эстафетаны қарасайлық жігіттерге ұсынған. Сабақты ине сәтімен дегендей, бұл достық қарым-қатынастың жалғасы міне, ауданның торқалы тойымен тұспа-тұс келді

Кез-келген спорт түрі сияқты көкпар да ерекше дайындықты қажет етеді. Нағыз мықтылардың сайысында астындағы ат та, үстіндегі азамат та бабында болуы қажет. Ал, қиын әрі қызықты бұл ойынның жілігін шағып, майын ішкен мамандар көкпардың маусымы осы қарашада ашылатынын алға тартуда. 

Сайдың тасындай болып, сайысқа сақадай сай екендіктерін аңғартқан жігіттер алдымен сап түзеп, шеру жасап өтті. Мемлекеттік әнұранымыз ойналды. Облыстық деңгейдегі дода ұйымдастырылған Шамалған ауылдық округінің әкімі Ержас Тоқтасынов жігіттерге сәттілік тіледі. Ақсақалдар батасын берді.

Орталық Азия халықтары арасында кең тараған бұл ойынның атауы «көк бөрте» яғни, лақ сөзінен шыққан делінген ғаламтордағы мәліметтерде. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Орташа салмағы тіпті, 70-80 келіге дейін тартқан. Серкенің  терісі жыртылмайды дейді үлкендер. 1949 жылы Қазақстанда көкпар жарысының ережесі бекітілді. Осыған сәйкес, ойынды арнаулы алаңдарда, командалық сипатта өткізу белгіленген. Мұнда жігіттердің күш-жігері, төзімділігі, батылдығы мен ептілігі, ат үстіндегі еркіндігі сыналады. 

Бұл жолғы көкпарда да көршілес аудандардың жігіттері бірінен-бірі басым түсуге тырысып, серкені өз отауларына көбірек салуға ұмтылды. Алайда, жарыс бар жерде, жеңіс те жеңіліс те бар. Қорытындысында, бірінші орынды Жамбыл ауданының  намысты қолдан бермеген «Намыс» командасы еншіледі. Ал, екінші орын Қарасай ауданының Райымбек ауылынан келген шабандоздарға бұйырды. Үшінші орын Үмбетәлі ауылының «Қаражорға» командасына тиді. Сондай-ақ, Жандосов ауылының жігіттері жақсы өнер көрсеткені үшін төртінші орынға лайықты деп табылды. Бұдан бөлек, үздік ойыншылардың да есімдері аталды. Жеңімпаздарға демеушілердің көмегімен арнайы ақшалай сыйлықтар берілді.

 

 

 

 

Последние новости

05.11.2019
Пожар на "Барыс - 3" / 4?
31.10.2019
Шамалғанда көкпар өтеді / 29?
31.10.2019
Қарасай ауданында КТА лигасы ашылды / 63?
31.10.2019
Ауылда жаңа амбулатория ашылды / 27?
30.10.2019
Друзья! Представляем вашему вниманию выставку ретро машин
26.10.2019
Жандосовтағы "Алма әлемі" / 14?
26.10.2019
Дене шынықтыру пәні мұғалімдері жарысты / 38?
23.10.2019
Жастарға жұмыс ұсынады / 27?