Бүгінгі таңда ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі екені анық. Өйткені олар ұлт байлығы. Халқымыздың баянды болашағы, мемлекетіміздің ертеңгі жарқын күні бұл ана мен бала денсаулығының қандай болмағына тікелей байланысты.
Осы ретте Қарасай аудандық орталық ауруханасының перхентхана бөліміндегі ақ халаттылар да ана мен бала денсаулығына ерекше мән беріп, қолынан келгенін аянбауда.
2013 жылы жаңа ғимараты пайдалануға берілген перзентхана бөлімінде бүгінгі күнге дейін қаншама сәби аман есен дүниеге келіп, қаншама отбасы бақытқа кенелді. Тек 2018 жылы мұнда 5 мыңнан астам нәресте өмірге келсе, 2019 жылдың он бір айында алты мың жетпіс алты бала туылған.
Перзентхана бөліміндегі білікті мамандар, әсіресе шала туған сәбилердің өмірін аман алып қалу үшін барын аямайды. Тиісті ем-домдарын жасап, жан-жақты медициналық көмек көрсетуде.
Ауданымызда туу көрсеткіші жоғарылауына байланысты бүгінгі таңда перзентхана бөлімі жаңа заманауи құрылғылармен де жабдықталуда.
Қаскелең қаласының тұрғыны, 39 жасар Әсия Сейдалива аталған перзентханада өзінің бесінші перзентін өмірге әкелді. Алайда, айы күні жетпей босанған келіншектің бөпесі арнайы аппаратқа орналастырылды.
Әсия бөпесінің өмірі мен денсаулығын толықтай білікті дәрігерлердің қолына тапсырғанына бек сенімді.
Ал Диляра Ихазоваға жүктілігінің алтыншы айында ішіндегі баласының жүрегінде және өкпесінде ақау бар деген диагноз қойылған. Әдетте, мұндай жағдайда жүктілікті үзуге тура келеді. Алайда, қарасайлық дәрігерлер Диляраның бөпесіне өмір сыйлады. Дүниеге аман сау Умида есімді қыз келді.
Әрине, мемлекеттің басты байлығы адам денсаулығын сақтауда жеткен жетістіктердің барлығы аудандық орталық ауруханның директоры Ербол Сәрсенбаев басқаратын үлкен ұжымның орасан еңбегі деп білеміз.
Нұргүл Әлменбетова