Кеше Алматы облысы Қарасай аудандық ауруханасының инфекциялық бөліміне короновирус жұқтырған облыстың бір тұрғыны жатқызылды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол 17 наурызда Сауд Арабиясынан Ыстамбұл мен Бішкек арқылы ұшып келген. Бұл Алматы облысында тіркелген 1-ші, ал еліміз бойынша 53-і жағдай.
Сырқаттың айтуынша 19-ынан бастап ауру белгілері байқала бастаған, ол медициналық көмекке 20 наурызда жүгінген. Қазір науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Оның 11 адаммен байланыста болғаны анықталды, соның 4-еуі – өз отбасының мүшелері, 3-еуі – құлшылыққа бірге барғандар, 2-еуі достары. Байланыста болған басқалары анықталуда, облыс аумағында тұратын, сырқатпен байланыста болғандар провизорлық стационарға оқшауланады.
Сапардан келгеннен кейін Жамбыл облысы мен Алматы қаласында байланыс жасаған азаматтары туралы мәліметтер тиісті органдарға берілді.
Алдағы уақытта Қарасай, Талғар, Іле аудандарына кіре берістерде қосымша 14 блок-пост орнатылады. Осы посттар арқылы ары-бері өткен адамдардың дене қызулары тексеріліп, көліктер дезинфекцияланатын болады, деді өңір басшысының баспасөз хатшысы.