Береке ауылында тұрғындар наразылыққа неге шықты?

2020-04-19 10:00:17

Бүгін 19 сәуірде сағат 00.15-те Қарасай ауданы Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында жергілікті тұрғындар ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның алдына жиналды.

Жиналғандар ауылдық медициналық мекеменің (амбулатория) коронавирус инфекциясымен ауырған азаматтармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін қолданылатын обсервациялық стационар ретінде пайдаланылуына өз наразылықтарын білдірді. Еске салсақ, амбулаторияның ішінде пациенттер болмаған, бос тұрған. 

Тұрғындар арасынан бұзақылар шығып, ғимаратқа материалдық шығын келтірген (есік-терезелерін бұзып, 30 төсек пен матрац сыртқа лақтырылған). Жиналғандардың ішінде жекелеген адамдар алькогольдік ішімдікке мас күйінде болған. 

Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев жиналған тұрғындармен сөйлесуге келіп, түсіндіруге тырысқанымен, ауыл тұрғындары әкімнің сөзіне қағаттанбай, обсервациялық стационарды жабуды талап еткен. 

Мұнан соң мас күйіндегі азаматтар Қарасай аудандық полция бөліміне жеткізілген. 

Осы оқиға бойынша Қарасай АПБ-да ҚР ҚК 202-бабының 1-бөлігіне сәйкес, яғни бөгденің мүлкіне қасақана зиян келтіру әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Төтенше жағдай кезінде заңсыз әрекетті ұйымдастырып, бұзақылыққа бастағаны үшін кінәлілер қатаң жазаланады. 

Алматы облысының әкімдігі тұрғындарды көрінеу жалған ақпараттарға сенбеуге, тек ресми мәліметтерге ден қоюға шақырады. Тексерілмеген ақпарат көздерінен көрінеу жалған ақпарат таратқандар, осы тектес әрекеттерге жол бергендер  ҚР заңнамаларына сәйкес жауапқа тартылады.