Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ел аумағында ардагерлерге барынша құрмет көрсетілді.
Сонау сұрапыл соғыс жылдарындағы майданда тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі зор. Соғыс кезінде Қазақстан 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3 млн 194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн, 2,5 млн дана жылы киім және басқа да өнімдерді майдан даласына жіберді.
Қазақстандық тыл еңбеккерлері майданға 110 000-нан аса жылқы, жаудан азат етілген аудандарға саны 500 000-нан асатын мал жіберген.
"Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!" деген ұранмен еңбек еткен ата-әжелеріміздің бірі осы күнге жетсе, енді бірі өкінішке орай, жете алмады...
9 Мамыр – Жеңіс күні мерекесінде соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсетілгені анық. Қарасай ауданы, Бірінші Май ауылдық округінде де Жеңісті жақындатқан ата-апаларымызға сый-сыяпат көрсетілді.
Бүгінгі аталған округте 30 тыл ардагері бар. Ауыл әкімі Елдос Мұқатаев пен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сарыбайұлы 9 мамыр күні барша тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, құрмет көрсетті, кеуделеріне Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған медальді тақты.
Сонымен қатар, ауылдың беделді азаматы, кәсіпкер Әділтай Әлішевтің демеушілігімен арнайы дайындалған азық-түлік қоржыны табысталды.