Алматы облысында карантин режимі мамыр айының аяғына дейін сақталады, – деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі "Жетісу" газетіне сілтеме жасап.
Алматы облысының «Jetisý media» ақпараттық алаңында жеңілдетілген карантиндік режимнің жаңа кезеңіне арналған брифинг өтті. Онда Алматы облысында қолға алынатын жұмыстар айтылып, бас санитарлық дәрігердің №10 Қаулысы күшіне енгені мәлім болды.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді. Бүкіл елімізде екі айға жуық созылған төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда кейбір аймақтарда, оның ішінде, Алматы облысында карантин режимі мамыр айының аяғына дейін сақталады, – деп төтенше жағдай кезінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. – Халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінді. Осы уақытқа дейін 658 мың адам көмек алды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. 28 сәуірден бастап кейбір мекемелер жұмыс істей бастағаны белгілі. Олардың қатары тағы да көбейеді. Нұр-Сұлтан–Талдықорған, Нұр-Сұлтан–Үшарал, Алматы–Үшарал, Талдықорған–Үшарал бағытындағы әуе рейсі өз қызметін бастады. Саябақтар, скверлер ашылды.
Батыржан Құлаймергенұлы ашылған дүкендердің кейбірі санитарлық режимді сақтамағанын айтып, бұдан кейін де тәртіпке бағынбаса, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын ескертті. Сонымен қатар, облыс, аудан, қала аралығындағы мобильді бекеттер жұмыс істей беретінін жеткізді. Облыс бойынша мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Кайрат Баймұхамбетов:
– Санитарлық эпидемиологиялық жағдай Алматы облысында тұрақты. Өсім қарқыныны сәуір айына қарағанда 18 пайыздан 2,5 пайызға дейін азайды. 11 мамырдағы жағдай бойынша облыста коронавируспен ауырғандар саны - 183, оның 72-сі жазылып шықты. Бүгінде 6 лаборатория істеп тұр. Тәртіп бұзу дерегі бойынша 2 айда 300-ге жуық хаттама толтырылып, 6 млн.250 мың теңге айыппұл салынды, – деген Қайрат Қажыманұлы жаңадан қабылданған Қаулыға сәйкес жұмысын бастайтын бірқатар мекемелерді атады. – Өнеркәсіп, өндірістік кәсіпорындар жұмысын бастайды. Одан кейін Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен қоғамдық көліктердің қызметі қалыпқа келді. Алайда қоғамдық көлікте жолаушының түрегеп тұруына тыйым салынады. Азық-түлік дүкендерінің аумағы 500 шаршы метрден төмен болуы тиіс. Бизнес орталықтары, сақтандыру компаниялары, адвокат, нотариустар, бухгалтер қызметі, жылжымайтын мүлік, жарнама агенттіктері, сот орындаушылар орталықтарының жұмысына рұқсат. Мәдениет нысандары ашылды, жеке және топтық дайындық өтеді. Тек адам саны 30 кісіден аспауы керек. Типографилық қызмет, аяқ-қиім шеберханасы, тігін, химиялық тазарту, кір жуу орындарына рұқсат бердік. Барлық ашылған нысандарда санитарлық, карантиндік тәртіп сақталуы керек.
Баспасөз мәслихатында егер каронавирус дертінің таралу дерегі төмендесе, карантиндік режим бірте-бірте жеңілдей түсіп, қалыпты өмірге қайтып келетініміз айтылды. Сол себепті барлық тұрғын қауіпсіздік шараларын әлі да қатаң сақтауы шарт.
Мәулен ӘНЕРБАЙ