Тарих мұғалімі оқушыларды тарихқа қалай қызықтырады?
Бексұлтан Бақыт мұғалім болуды бала кезінен армандаған. Оның ұстаздық жолға түсуіне мектептегі тарихшы апайы қатты әсер етіпті.
«Қазақта «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар ғой. Тарих пәнінен беретін ұстазым өз пәнін керемет түсіндіретін. Жасы үлкен болса да, жаңашыл болды, балалармен жақсы тіл табысты. Оқушы кезден сол кісіге қызығып, ержеткенде мен де тура сондай тарихшы боламын деп армандайтын едім. Былайша айтқанда, тарихшы апай менің кумирім еді. Балалық арманым орындалып, қазір сол апайыммен бірге әріптес болып жүрміз», — деп әңгімесін бастады ол.
Кішкентай кезінен тарихи фильмдер мен ертегілерді жаны сүйетін Бексұлтан қазір де оқушыларға тарихты құрғақ сөзбен емес, әртүрлі ойындар мен жарыстар арқылы түсіндіруге тырысады екен. Жаңашыл мұғалім өз сабақтарында жасанды интеллектінің көмегіне де жүгінеді.
«Қазір ChatGPT, D-ID деген қосымшалар бар. Кейде сабақты солар арқылы өтеміз. Kahoot ты да пайдаланамыз. LearningApps, Quiziz-ті де қолданамын. Бұл қосымшаларда көптеген ойын әдіс-тәсілі, пазл дегені бар. Балалар сұрақтарға жауап беру арқылы бір-бірімен жарысады, қызығушылығы оянады. Сұрақтарды өзіміздің оқу мақсаттарымызға сай құрастырамыз. Балаларға сабақты ойын арқылы өткізу әдісі қатты ұнайды. Қазір енді новатор мұғалім болу керек деп жиі айтады ғой. Менің ойымша, новатор мұғалім жай ғана сабақ берумен шектелмей, әлеуметтік желілердің, заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін де пайдалана білуі керек. Себебі Альфа ұрпақтары (2010 жылдан бері қарай дүниеге келген балалар – ред.) TikTok, Instagram желілерінде көп отырады. Қазір мен желіге мектеп өмірін, мұғалімдер мен оқушылар туралы ғана видеолар саламын. Болашақта тарих пәнімен байланысты бейнероликтер түсіріп, жариялау жоспарда бар. Қазір видеоларымның астына жазылған пікірлерді оқысам, көптеген жас балалар «мен де сіз сияқты тарих мұғалімі боламын» дейді. Бұл да бір қуанышты жаңалық деп ойлаймын», — дейді Бексұлтан Бақыт.
«Оқушылар «ағай, видео түсірейікші» деп жалынады»
Жас мұғалім желіге салатын видеоларын сабақтан тыс бос уақытында түсіреді екен. Адамның ниеті, ынтасы болса, кез келген нәрсеге уақыт табуға болады деп санайды.
«Бізде сабақ үстінде мұғалімге де, оқушыға да ұялы телефон ұстауға болмайды деген заң бар. Менің бейнероликтерімнің барлығы үзіліс кезінде немесе сабақтан кейін түсірілген. Онда да балалар мен ата-аналардың рұқсатымен ғана. Оқушылардың өздері менімен видеоға түскісі келеді, «ағай, сабақтан кейін қаламыз, видео түсірейікші» деп жалынады. Сөйтіп бірге түсіреміз. Ата-аналары да келісіп отыр, тіпті қуанады. Балалар үйлерінде маған шаң жуытпай, үнемі мені жақтап отырады екен», — деп күлді Бексұлтан.
Ал мектептегі әріптестері Бексұлтанның білімі мен біліктілігіне күмән келтірмейтін көрінеді. Әлеуметтік желідегі белсенділігін де құптайды екен.
«Осы мектепке алғаш жұмысқа тұрғанда, әріптестерімнің бәрі менің сабағыма қатысқан еді. Менің сабақты қалай өткізетініме көз жеткізген. Сондықтан олар тарапынан ешқандай күмән жоқ, маған сенеді. Ал енді мені танымайтын басқа мектептердегі мұғалімдерден парақшама әртүрлі пікір түсіп жатады: «Сіз қалай үлгеріп жүрсіз? Жұмысыңызға немқұрайлы қарамайсыз ба? Тиктогын түсіріп жүр, сабағы қалып бара жатқан жоқ па? деп. Мен өзім желідегі парақшаларымды бір ай бұрын ғана аштым. Аз ғана уақыттың ішінде 1,5 млн охват болып тұр. TikTok та да, Instagram да да қаралым саны 1 миллионға жетіп қалды. Видеоларым бұлай танымал болып кететінін өзім де күткен жоқпын. Жалпы Шу ауданында тарихтан беретін мұғалімдер арасында әлеуметтік желіге шыққан мен ғана сияқтымын. Басқаларын байқамаппын. Көз үйренбеген соң, алғашында бәріне ерсі көрінеді ғой», — дейді ол.
Десе де Бексұлтаннан әлеуметтік желіні қалай жүргізуге болады деп ақыл-кеңес сұрайтын әріптестері де бар екен.
Мектеп директоры мұғалімнің блогерлығына қалай қарайды?
«Позитивті қарайды. Жақсы, жарайсың, тек шектен шықпа, ұстаз мәртебесін түсірме дейді. Ең бастысы ұятты нәрселер түсірме деп ескертті. Ешқандай қарсылық білдірген жоқ», — дейді жас мұғалім.
Бексұлтанның айтуынша, оның видео түсірудегі мақсаты – ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.
«Өздеріңіз білесіздер ғой, балалармен жұмыс істеу оңай емес, мұғалімдердің көбі шаршап жүреді. Байқасаңыз, менің әлеуметтік желідегі бейнероликтерім – позитивті. Бәрі күлдіреді, көңіл күйді көтереді. Мақсатым да сол, мұғалімдер кешке үйіне шаршап-шалдығып келгенде, менің видеоларымды көріп, кішкене бақытты болсын, шаршағанын ұмытсын, көңіл-күйлері көтерілсін. Көбісі менен «желіде танымал болып, оқырмандарыңды көбейтіп алған соң, мұғалімдікті тастап, блогер болып кетпейсің бе» деп сұрайды. Бала кезімнен бергі арманымды қалай тастап кетемін!?», — дейді маман.
Сынып жетекшінің еңбегі қаншаға бағаланады?
Бексұлтан жоғары сыныптарға тарих пәнінен сабақ беріп қоймай, 8Б сыныбына жетекшілік етеді.
«8 сынып оқушылары енді жасөспірім кезеңге аяқ басқан, өтпелі жас дейміз ғой. Дәл осы жетінші, сегізінші сыныптың балалары жас тал сияқты, қисық ексең, қисық боп өседі. Бұл балалардың мінезі қалыптасатын кезең ғой. Оның үстіне қазір көптеген бала өзіне сенімсіз, жаһандық заманда сайт болсын, араласатын ортасы болсын, қауіпті нәрселер көп. Сондықтан мұғалім білім беріп қана қоймай, оқушының жақын досына айнала білсе тіпті жақсы. Жоғары сыныптарға сабақ берген соң, олар менімен досым сияқты сөйлеседі, сырларын айтады, ақыл сұрайды. Әр тоқсан сайын ата-аналарды мектепке шақырып, шешілмей жатқан мәселелерді бірден талқылаймыз. Ата-аналарға балалардың тұлғалық мінезі қалыптасатын кезеңі, оларға қатты мән беруіміз керек деп айтамын. Оқушылардың әке-шешелерімен үнемі байланыстамыз», — дейді ол.
Жас мұғалімнің жалақысына сынып жетекшілігіне үшін ай сайын 8 500 теңгедей қосылады екен. Жуырда оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қосымша ақыны 30 мың теңгеге дейін көтереміз деп уәде еткен.
«Сегіз мың теңгеге қарағанда 30 мыңын тәуір ақша, әрине. Бірақ сынып жетекшілігі жауапкершілігі өте зор қызмет. Бір сыныпта бір бала емес, жиырма-отыз шақты балаға жауап бересің. Балаға мектеп қана емес, сынып жетекші де оның болашағына зор әсер етеді. 5-сыныптан 11-ші сыныпқа дейін мектептегі ата-анасы сынып жетекшісі болады. Сондықтан, өз басым сынып жетекшілігі үшін 30 мың емес, 50 мың теңге төлесе жеткілікті деп ойлаймын», — деп ойын айтты ол.
Бексұлтан қосымша ақы мен үстемақылардың бәрін қосқанда, ай сайын 400 мың теңгедей табады екен. Отбасымды асырауға жетеді дейді.
«Ауылда тұрғандықтан, ауылдық квота бар, 25 пайыз үстемақы қосылады. Сынып жетекшілігім бар. Магистрант болғаным үшін де 37 мың теңгедей аламын. Аллаға шүкір, бүгінгі жалақыға барлық мұғалімнің көңілі толатын шығар деп ойлаймын. Қазір айлығым аз деген мұғалімді кездестірмейсің ғой. Жастардың осы мамандыққа қызыға бастағаны да содан шығар. Бірақ ақшаны ғана ойлап, мұғалімдікке жүрек қалауымен келмесе, балаға деген махаббаты ашылмайды деп ойлаймын», — дейді жас ұстаз.
«Оқушы ұстаздан қорқуы керек»
«Баяғы уақытта балалар мұғалімдерден қорқатын, жасқанатын. Ал қазір, керісінше, баладан ұстаз қорқады. Менің өз ойым – оқушы мұғалімнен қорқу керек. Ұстаздан қорыққан бала жаман болмайды. Бұл жерде қорқу деп ұрып-соғуды айтып отырғаным жоқ. Мәселе ұстазды сыйлау жайында. Өкінішке қарай, әлеуметтік желілерден мұғалімді боқтап жіберген оқушыларды да көріп қаламыз. Қарап отырсаң, кейбір мұғалімдерді балалар мүлде менсінбейді. Бұл жерде кінәні тек ұстаздан немесе баладан іздеуге болмайды. Оқушының өз санасы болуы керек. Ұстаз өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек. Ал ата-ана баласына сенікі дұрыс, мұғалімдікі қате деп айтпағаны абзал. Қандай да бір түсініспеушілік туындаса, ата-ана істің бүге-шігесін анықтап, мән-жайға қанығып, содан кейін ғана шешім қабылдауы керек ойлаймын», — дейді Бексұлтан Бақыт.
Осы орайда жас мұғалім болашақ әріптестеріне «үнемі ізденуге, білім жолында үздіксіз еңбек етуге, ешқашан шаршамауға» кеңес берді.