Азаматтар қаржылық операциялар жасау үшін банк карталарын үшінші тұлғаларға беріп, «дроп» болу қауіпін ескермей, қылмыстық схемаларға тартылуы мүмкін.
Ақша кибер құқықбұзушылықтардан немесе есірткі және адам сату сияқты қылмыстық схемалардан тартылуы ықтимал.
«ҚМА жүргізген талдауына сәйкес, есірткі сатумен байланысты схемаларда жалпы айналымы 22 млрд теңге болатын 30 мың банк картасы пайдаланылған. Мұндай заңсыз схемаларға қатысу тұлғалардың мүлкін тәркілеу, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік сияқты ауыр салдарға әкеледі», — делінген хабарламада.
ҚМА соңғы зерттеулеріне сәйкес, қаржылық қиындықтарға тап болғандардың, атап айтқанда жұмыссыздар, студенттер және әлеуметтік осал топ өкілдерінің алаяқтардың жеңіл жолмен оңай олжаға кенелу уәделеріне сеніп, «дроп» болып қалу қауіпі жоғары екені анықталды.
Астана мен Қарағанды қаласының студенттері және Теміртаулық 64 жастағы зейнеткер «дроп» ретінде Telegram-дүкенінде есірткі сатудан алынған ақшаны жылыстату схемасына қатысқан. Олардың шоттары арқылы 100 млн теңгеден астам қаржы өткен. Бұл наркошоптың жалпы айналымы 2 млрд теңгеден асқан.
Тағы бір жағдайда Алматыда 20 жастағы студенттің картасы пайдаланылып, оның шотына 900-ден астам адамнан 22,5 млн теңге түскен. Аударымдар 7.5 мыңнан 15 мың теңгеге дейінгі аралықта болған, бұл сомалар есірткі заттарының бір реттік дозаларының құнына сәйкес келеді.
Кейіннен бұл ақша құқық бұзушылардың крипто-әмияндарына шығарылды.