«Әуре болмаңдар»: депутаттар туған күнді түнгі 00:00-де қарсы алуға қалай қарайды

2024-10-24 16:27:31

Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин де жақындарын сағат 00:00-де құттықтағанды құп көрмейді екен. Депутат әншінің аргументтерімен келісіп, бұл дәстүрді тоқтату керек деп есептейді.

«Адам деген ұйықтап жатқанда емес, күндіз құттықтауы керек қой. Өз басым туған күн иесін таңертең не түске дейін құттықтаймын. Түнгі құттықтауды тоқтату керек дегенімен де келісемін, құптаймын», — деп пікір білдірді ол.

Жаңбыршиннің әріптесі Сергей Пономарев те түнде құттықтағанды ұнатпайды екен.

«Туыстарым мені таңертең құттықтайды. Шынымды айтсам, ұлдарым кей кезде түстен кейін, кешке бір-ақ құттықтап жатады. Өйткені басқа қалаларда тұрады ғой, атаулы датаға мұқият емес. Ал өз басым таңертең ерте құттықтағанды жақсы көремін. Жақын адамдарым да мені әрқашан таңертең құттықтауға тырысады. Түнде хабарласатындар да бар. Өзіме түнде құттықтап келген ұнамайды», — деп ағынан жарылды депутат.

Ал Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева түнгі сағат он екіде ұйықтаймын дейді.

«Мен түнгі сағат он екіде ұйықтап жатамын. Туған күн иесін ертесіне құттықтаймын. Бәлкім, біреулерге туған күн басталған сәттен құттықтау алып, мәре-сәре болып тойлаған ұнайтын шығар. Бірақ менің ұйқыға қатысты өз режимім бар. Сондықтан сағат он екіде демаламын. Жұрттың назарын онша ұнатпағандықтан, түнгі он екіде гүл сыйлап, торт әкеліп әуре болмаңыздар, мен он бірде ұйықтаймын, мені мазаламаңыздар деп ескертіп қоямын», — дейді халық қалаулысы.

Алайда ол түнгі құттықтауға сұранатын балаларына тыйым салмайды екен.

«Менің балаларым кейде сыныптасымызды туған күнмен құттықтаймыз деп он екіге таман сұранады. Қайтеміз, жібереміз. Сосын қашан келеді екен деп күтіп отырамыз»,- дейді Имашева.

Депутат түнгі 00:00-де құттықтауды тоқтату керек деген пікірмен келіспейтінін айтты.

«Бұл жайлы ойланбаппын. Бірақ бұл да өмірдің бір қызығы ғой. Егер адамдарға ұнаса, мұны неге тоқтатуымыз керек?! Бәрін тоқтатып, реттеу дұрыс емес шығар», — деп санайды Имашева.

Төменгі палата депутаты Максим Рожин де бұл ұсынысқа пікір білдірді.

«Кейде адамдар бірінші болып ерекше құттықтайыншы деп айтып жатады, қаншалықты рас-өтірік екенін білмеймін. Жалпы туған күні кез келген уақытта құттықтағанның өзі үлкен нәрсе деп ойлаймын. Өз басым тура сағат он екіде құттықтайын деп күтіп отырмаймын. Түнгі құттықтауды тоқтату керек пе, жоқ па, білмеймін. Өзім туған күнге ынтық болмағаннан кейін мен үшін айырмашылық жоқ сияқты», — дейді мәжілісмен.