МӘН-ЖАЙЫ
Бас Прокурор сөзінде мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңыздылығын атап өтіп, құқықтық мемлекет тұжырымдамасын іске асырудың маңыздылығын айтқан.
“Бизнеске жәрдемдесу арқылы прокурорлар еліміздің ЖІӨ-нің өсуіне және Қазақстан экономикасының нығаюына өздерінің қадағалау үлесін қосатыны маңызды. Жыл басынан бері прокурорлар экономикаға салымы 9,1 трлн теңгені құрайтын 411 инвесторға (Түркия, БАӘ, Қытай, Германия және т.б.) көмек көрсетті. Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін прокуратураның үйлестіруімен елге 1,7 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды, 22 млрд теңгеге 498 мың га олигополия жері тәркіленді” деді Берік Асылов.
Бас Прокурор мұндай нәтижелерге прокуратура органдарының әрбір қызметкерінің жоғары моральдық қасиеттері және олардың «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын қызметтік борышын орындау кезінде нақты ұстануы ықпал ететінін жеткізді.
ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ
Құқықтық мемлекет тұжырымдамасы демекші, бүгін ІІМ бұрынғы орынбасары, қазіргі сенат депутаты Марат Қожаев “елде ешқандай да қылмыс өршіп тұрған жоқ, желіні шулатып жүрген журналистер” деген пікір айтты.
«Біздің елде ешқандай қылмыстың өршуі жоқ, құрметтілерім, жоқ. Сіз көшеде еркін жүре аласыз, қоғамдық орындарға барасыз, сол кездерде қандайда бір бассыздықтарды көріп жүрсіз бе?” деп сұраққа сұрақпен жауап берді.
ЖЕЛІДЕГІ ШУ
Сенатор журналистер әлеуметтік желіде шу көтергенді жақсы көреді дегенге меңзеді.
«Маған журналистердің логикасын бақылау қызық, сіздер егер шу шығарсаңыздар… Иә, оның пайдасы бар. Бұл алынған дәлелдемелерді процедуралық бағалауға мұқият қарауды ынталандырады, бірақ тағы да айтайын сотта сіздер әлеуметтік желілерде көтеретін шу емес, тек процедуралық дәлелдер бағаланады», – деді ол.
РЕЗОНАНСТЫҚ ІСТЕР
Қазақстанда бүгінде бірнеше резонанстық қылмыстық істер қаралып жатыр.
Мәселен, Алматының іргесіндегі Талғардағы уақытша ұстау изоляторынан зорлау күдігі бойынша ұсталған азаматтың қашып кеткені көптің назарын аударды. Полиция ол қолға түссе, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген.
16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДЫҢ ОҚИҒАСЫ
Тамыз айының басында Қызылорда қаласында мектеп оқушысының анасы сыныптастары қызын есірткі қолдануға мәжбүрлеп, күштеп ұстағанын, ақша бопсалап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр еткенін мәлімдеген. Кейін оқиғаның егжей-тегжейі арнайы өткен брифингте баяндалды. «Не молчи» қоғамдық қорының араласуымен сұмдық деректердің беті ашылды. Сол күні белсенді Айсана Әшім «16 жастағы қызды 1000 еркек зорлағанын» айтып дабыл қақты. Бұдан бұрын оқушыны секс-құлдыққа салған 13 адам бары айтылған. Жәбірленуші қыздың анасы Ulysmedia.kz-ке сұхбат беріп, іс бойынша 200 адам тергеліп жатқанын айтқан.