Министрдің айтуынша, аталған фактілер бойынша құрамында Жамбыл облысы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, білім басқармасы, Оқу-ағарту министрлігінің аумақтық департаментінің өкілдері бар арнайы жұмыс тобы құрылған.
«Жұмыс тобы аутодеструктивтік мінез-құлықтың алдын алу мақсатында Түймекент ауылында орналасқан мекенжайларды аралау арқылы мектеп оқушыларының ата-аналарына психологиялық профилактика жүргізіп, осы сынды оқиғаларды болдырмау үшін арнайы кеңес өткізді. Білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмысы зерттелді. Жасөспірімдердің отбасыларына психологиялық қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, балалардың жеке парақшалары зерттеліп, қауіпті ойындарға қатысы бары анықталған жоқ. Жасөспірімдер буллинге ұшырамаған. Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізуде», — деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен бірге, оқу-ағарту министрі БАҚ-та суицид туралы жарияланымдардың көптігіне наразылығын білдірді.
«Мұндай тақырыптарды жариялай беру – мәселені одан әрі ушықтырады. Бұл жасыру деген сөз емес, дегенмен суицидтің әр деталіне дейін жазып, жарнамалаудың қажеті жоқ. Әлемде бұл туралы зерттеулер де бар», — деді ол.
Еске салсақ, кеше Жамбыл облысының Түймекент ауылында екі жасөспірім суицид жасаған.