«Қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотта 10 жастағы Г-ны қорқытып, ақшасын тартып алған 13 жастағы Р.-ның анасына қатысты әкімшілік іс қаралды. Г.-ның анасының айтуынша, ұлын қорқыту әрекеті 2 жылға жуық уақытқа созылған, баласы қорқып қалған, ұзақ уақыт бойы өзін қорқытқан баланың атын айтпаған. Ол татуласудан үзілді-кесілді бас тартты. Сот Р.-ның анасына әкімшілік жаза тағайындау кезінде бірнеше жағдайды ескеріп, оған әкімшілік жаза – ескерту тағайындады», — делінген соттың хабарламасында.
Қостанай облысында да мектеп оқушысы қыз баланы жүйелі түрде қорқытып, келемеждеп келген.
«Б.Майлин атындағы аудандық сотында мектеп оқушысы П.-ны жәбірлеген кәмелетке толмаған С.-ның ата-анасына қатысты ӘҚБтК-нің 127-2-бабының 3-бөлігімен осыған ұқсас әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды. Сотта С.-ның әкесі кінәні толық мойындап, ұлымен болған әңгімені баяндады. Сотқа П.-ның анасы қызының жүрегі ауыратынын, ал С.-ның қызын мазақ етіп, қорқытқанын, соның салдарынан қызы күйзеліске түскенін айтты», — делінген хабарламада.
Кәмелетке толмаған ұл баланың ата-анасына сот 25 мың 800 теңге айыппұл салды.