Осыған дейін марқұмның анасы, әпкесі және қызы мен ұлы моральдық шығын өтеу туралы талап-арызбен сотқа арызданған. Құтқарушының туыстары Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан 120 млн теңге өтемақы сұраған. Екібастұз қалалық соты олардың талабын қанағаттандырып, кінәлі мекемені әрбіріне 30 млн теңгеден төлеуге міндеттеген. Алайда кәсіпорын бұл шешіммен келіспей, облыстық сотқа шағымданған.
«Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 13 қарашада бірінші инстанция сотының шешімін өзгертті. Құтқарушының туыстарының әрбіріне моральдық шығын сомасы 7 500 000 теңгеге дейін қысқартылды», — деп мәлімдеді Павлодар облыстық соты.
Сот алқасы «ақылға қонымды, әділдік және жеткілікті» критерийлерін басшылыққа алған.
Қаулы заңды күшіне енді.
Естеріңізге салайық, биыл қаңтар айында «Майқайың алтын» АҚ шахтасы маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға құлап кеткен болатын. Олар өрт туралы қоңыраудан кейін шахтаға қарай бара жатқан. Көліктің ішінде үш құтқарушы және бір жүргізуші болған. Көп ұзамай жер астынан екі адамның мәйіті табылды. Ақпан айында құтқару жұмыстары уақытша тоқтап, мамырда қайта жанданды. Қалған екі адамның денесі шілде айында ғана табылған.