Қарасай ауданында 18 маусымнан «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы басталды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Бұл жөнінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мәлімдеді. 2019 жылдың маусым-тамыз аралығында аудан көлемінде өтетін акцияның мақсаты – жергілікті жердегі халыққа қызмет көрсету нысандары мен қоғамдық көліктердегі деректемелер мен көрнекі ақпараттарда тіл нормаларының Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес ресімделуін, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету және бұл іске аудан жұртшылығын кеңінен жұмылдыру болып отыр.
Яғни, шара барысында мамандар мен еріктілер «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабы талаптарын халыққа түсіндіріп, деректемелер мен көрнекі ақпарат құралдарының тіл нормаларына сәйкес ресімделуін анықтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен рейдтік зерделеу жұмыстарын ұйымдастырады.
Бұл игі науқанға әр қарасайлық өз үлесін қоса алады.