Қаскелең қаласында орналасқан «Rakhym» қайырымдылық қоры жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Қарашаның басында Нұр-Сұлтан қаласының Тәуелсіздік сарайында «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» VII республикалық конкурсының қорытындысы шығарылды.
Ағымдағы жылы жобалар 5 бағыт бойынша бағаланды: «Әлеуметтік проблемаларды шешуді ақпараттық ілгерілету», «Әлеуметтік саладағы волонтерлік қозғалысты дамыту», Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету», «Мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға көмек көрсету» және «Өмірлік қиын жағдайларды жеңуге көмек көрсету»
Конкурстың республикалық кезеңіне Алматы облысынан 3 жоба таңдалып алынды. Олардың қатарында Байтанова Раушан Бүркітбайқызының «Ат үстінде оңалту» жобасы да бар. Бұл жоба иппотерапия бойынша қызмет көрсету арқылы ерекше қажеттіліктері бар баланың дене белсенділігін дамытуға бағытталған.
60 шақты жоба қаралған арнайы комиссияның отырысында «Rakhym» қайырымдылық қорының «Ат үстінде оңалту» жобасы комиссия мүшелерінің шешімімен анықталған 14 қатысушының қатарына еніп, «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» конкурсының 2019 жылғы жеңімпазы атанды.
Жоба авторының айтуынша, екі жыл ішінде 80-ге жуық бала атқа міну арқылы ақысыз оңалту қызметтерін алған. Осының нәтижесінде мүгедектігі бар балалардағы вестибулярлы және тірек-қимыл аппараты мен барлық бұлшықет топтарының функциялары жақсарып, вегетативті жүйке жүйесіне оң әсерін тигізген.