Жаңа жылдың жұмыс күні бастала сала, Нұрсұлтан қаласындағы халық қалаулылары Қарасай ауданына ат басын бұрды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
Атап айтқанда, 5- қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов мен Амангелді Дәуренбаев Әйтей және Шамалған округтерінде жұмыс сапарымен болды.
Еске сала кетсек, Әйтей ауылындағы Қосынов орта мектебі апатты жағдайда деп табылған соң, сонымен қатар халық санының өсуіне орай, мұнда 1200 балаға арналған үш қабатты жаңа білім ордасы тұрғызылған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған мектеп мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде бой көтерді. Жалпы 11230 шаршы метр аумақты алып жатқан ғимаратты «U-Con-Two» ЖШС-і салды. Қаржыландыру мәселесі шешілген соң, білім мекемесі қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Сондай-ақ, мәжілісмендер Шамалған ауылындағы «Úshqońyr» спорт мектебін аралады. Бапкерлерменсөйлесіп, іс барысы мен нәтижелерге қанықты. Жас спортшылармен танысты. Елордалық меймандарды аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева, аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов қарсы алып, бірге жүрген.
Жалпы, жаңа жыл бастала сала немесе президенттің жолдауы жарияланған соң депутаттардың ел ішін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі әдетке айналған. Әлбетте, халық қалаулыларының жұртшылықтың жағдайымен танысып қайтқаны өте дұрыс. Дегенмен, астанадан әдейі ат арылтып келген шенді азаматтардың тек аудандағы жақсы өзгерістерді ғана көріп қайтпай, кейбір әлеуметтік проблемалармен танысып қайтқаны да жөн. Бәлкім сонда бірқатар өзекті мәселелер өз шешімін тауып, депутаттардың жұмыс сапары шын мәнінде нәтижелі болар ма еді?..