«Блогерлікті бопсалау құралына айналдырды»: депутат «инфосығандарды» бақылауға алуды ұсынды

2024-10-16 12:28:00

«Біз қашан да «сөз қадірі — өз қадірім» деген халықпыз.  Бүгінде әлеуметтік желідегі қаптаған түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жіберетін алаяқтар өзінің де, сөздің де қадірін кетіріп болды. Біз қазір интернет білім мен ақпараттың көзі ғана емес, жалған ақпарат пен алдап-арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы болып отырғанын көріп жүрміз. Блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер баршылық», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.

Депутаттың айтуынша, мұны таяуда өткен депутаттар форумында сөйлеген сөзінде ел Президентінің өзі тілге тиек еткен.

«Сөзімізге қоғамнан көптеген келеңсіз мысалдар келтіруге болады. Мәселен, таяуда Атырауда соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға. Қоғамдық тәртіпке бағынуға шақырған күзетшінің ар-намысын аяусыз таптаған блогерсымақтың әрекетінен соң азаматтың қан қысымы көтеріліп, жүрегі тоқтап қалған. Сөз-сүйектен өтеді. Ақыры орынсыз дарақылықтың салдарынан бір әулет қара жамылды. Жалпы мемлекеттік қызметте немесе ел алдында жүрген азаматтардың басқан қадамын аңдып, көп алдында масқаралап хайп қуу әдеткі дүниеге айналды. Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде «бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін» деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып жатыр», — дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы.

Оның айтуынша, «Аңқау елге арамза молда» демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар.

«Оларды ауызекі тілде «инфосығандар» деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Елдің еңсемді көтерсем деген адал үмітін арам жолмен пайдаға айналдырғандарды қалай атауға болады. Бұлардың ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті. Қарияның бірауыз сөзі еліңді, кейуананың бір ауыз сөзі келінді тәрбиелеген ұлтымыздың отбасы құндылығын кім көрінген өзінше түсіндіріп, шаңырақтардың шырқын алды. Өз тағдырын түзей алмағандар өзгенің киелі табалдырығына төрелік айтып бағуда. Ал олардың көпке ұсынып отырған сабақтары біздің ұлттық құндылықтарымызға, мемлекеттің «Неке және Отбасы туралы» Заңына қаншалықты сай екендігін тексеріп, талдап жатқан ешкім де жоқ», — деді Мәжіліс депутаты.

Депутат сөйте тұра кейбір деректерде еліміздегі осындай инфо бизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайтыны айталғанын жеткізді.

«Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?! Тіпті «инфосығандардан» мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23 қарашасында петиция да жариялаған екен. Өкінішке қарай, сол қалпы қараусыз қалса керек. Былтыр Парламент Мәжілісінің қабырғасында «Онлайн Платформа және онлайн жарнама» туралы заң жобасы қабылданды. Осы заңның әлі де болса орындалуы осал болып жатқандығын көріп отырмыз. Әйтпегенде, біз көтеріп отырған мәселенің көбі дерлік аталған заңда бүге-шігесіне дейін қамтылған. Ал  жұртшылықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «AMANAT» партиясының «Қарысыз қоғам» жобасының осындай дерттермен күресуге бағытталған іс шаралары бір төбе», — дейді депутат өз сөзінде.

Соны ескере келе депутат Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдады.

«Ең алдымен инфо бизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет.

Екіншіден. «Онлайн Платформа және онлайн жарнама туралы» Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды.

Үшіншіден. Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс.

Төртіншіден. Халық арасында интернет алаяқтардан, «инфосығандардан» қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет», — дейді ол.

 

Последние новости

16.10.2024
«Жәбірленуші екеніңді дәлелдеу – қиынның қиыны»: Дана Нұржігіт әділдікке әрең жеткенін айтты
16.10.2024
2025 жылы Оразаның қай күні басталатыны белгілі болды
16.10.2024
Бүгін түнде Астанада тағы бір жатақхана өртенді
16.10.2024
Жаңа заң: кредит төлеуді кейінге қалдыруға болады. Ол жеңілдікке кімдер ие
16.10.2024
«Қайтыс болған зейнеткерге 13 млн теңге артық төленген»: министрлік оның жесірін сотқа берді
16.10.2024
«Шерзаттың әкесіне уәде бердік»: депутат Талғардағы жағдайға қатысты көзқарасын айтты
16.10.2024
Балама туған күнге баруға болмай ма – Тұрлыханов пробация тәртібін бұзған ұлына ара түсті
16.10.2024
Алматыда ЖОО қызметкерлері бюджет қаражатын жымқырамын деп 7 жылға сотталды