Сотпен анықталғандай, айыпталушы К. 2024 жылғы 13 шілде күні сағат 21.30 шамасында алкогольдік масаң күйде болып, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылында орналасқан «Р» сауда орталығының алдында заңды некедегі жолдасы жәбірленуші А-ның жүктiлік жағдайда екенiн біліп, оны қасақана қазаға ұшырату ойымен, өзімен бірге алып жүрген ас үй пышағын қолданып, жәбірленушінің денесінің арқа, сан және кеуде тұсынан бірнеше рет соққылар жасап, денсаулығына ауыр зиян келтірген.
Одан әрі, сотталушы К. өзінің қылмыстық іс-әрекетін тоқтатпай, алған ауыр дене жарақаттары салдарынан жерге құлаған жәбірленуші А.-ның дәрменсіз күйде жатқанына қарамастан, өзінің аяқтарымен жәбірленушінің басынан бірнеше рет теуіп дене жарақатын салған.
Алайда оқиға болған жерде жүрген полиция қызметкерлерінің және өзге адамдардың араласуымен К.-нің қылмыстық іс-әрекеті өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізбеген. Оқиға болған жерге дер кезінде келген полиция қызметкерлері, сотталушы К.-ты күш қолдану (қолын қайыру) арқылы ұстаған.
«Прокурор, К.-ты тағылған айып бойынша кінәлі ден танып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші, сотталушы К.-қа жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Сотталушы К. жасаған әрекетіне шын ниетімен өкінетінін мәлімдеп, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Қорғаушы сотталушының ұстанымын қолдады. Сотталушының кінәсі, жәбірленушінің және куәлердің жауаптарымен, сот сараптама қорытындыларымен және өзге де іс-құжаттарымен дәлелденді. Сот үкімімен К.-ны ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 4) тармағымен кінәлі деп танып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды»,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, шілде айында Маңғыстау облысында ер адам жұрт алдында әйелін пышақтап өлтірмек болды. Желіде оқиғаның видеосы жарияланды, кадрда қолында пышағы бар адам және оны қоршап тұрғандарды байқауға болады.