ТОҚАЕВ НЕ ДЕДІ
Президент атап өткендей, Қазақстан Қытай мен Бразилияның Украина бойынша бейбіт жоспарын қолдайды.
Біздің еліміз БРИКС-ке қатысушы мемлекеттердің Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі туралы алаңдаушылығымен бөліседі. Бұл көптеген адам шығыны мен гуманитарлық апатқа әкелді. Біздің ойымызша, кедейлік, теңсіздік және білім жетіспеушілігі сияқты қақтығыстардың түпкі себептерін бірлесіп жою халықаралық саяси ынтымақтастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді, – деді Тоқаев.
Президент таяуда Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында Ресей-Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесі жөнінде де пікір білдіргенде де осы ойын айтқан.
АСТАНАДАҒЫ СӨЗІ
Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, Президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады. Кейбір әлемдік күштер бұған мүдделі шығар. Бірақ бұл тығырыққа тірейтін жол. Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі, – деді президент.
БРАЗИЛИЯ МЕН ҚЫТАЙДЫҢ ЖОСПАРЫ
Бразилия мен Қытай 2024 жылдың мамырында 6 тармақтан тұратын «бейбітшілік жоспарын» дайындаған. Оған соғыстан зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмекті кедергісіз әкелу, бейбіт тұрғындарды қорғау, әскери тұтқындармен алмасу және қақтығысты тоқтату кіреді. Тамыз айында Қытайдың Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуй бұл бастаманы «110-нан астам ел» қолдағанын айтты.
Алайда бұл жоспарды Украина, Еуропа Одағы және АҚШ қабылдамады, оны Ресейдің мүдделеріне сай деп санады. Украина президенті Владимир Зеленский жоспарды «деструктивті» деп атап, Украинаның «пікірін сұрамадыңдар» деді.
Өткен жылы Ресей президенті Владимир Путин Бейжіңнің ұсыныстары болашақта бейбіт келісімге келу жоспарын құру кезінде негізге алынуы мүмкін деп болжады.
Украина қақтығысты аяқтау Ресейге қолайсыз дейтін Зеленскийдің «бейбітшілік формуласы» негізінде ғана мүмкін деп санайды. Ресей билігі өз кезегінде украин әскерлерін КХДР, ЛНР, Херсон және Запорожье облыстарынан шығаруды, Украинаның НАТО-ға кіру ниетінен бас тартуын талап етеді. Киев бұл жағдайларды ультиматум деп атады.
УКРАИНАНЫҢ ЖЕҢІС ЖОСПАРЫ
Украина президенті 16 қазанда өз «жеңіс жоспарын» алғаш рет жариялады, ол 5 тармақ пен 3 құпия хаттамадан тұрады. Президенттің айтуынша, Ресейдің агрессивті соғысын аяқтау үшін Украина мен серіктестері жағдайларды бірге өзгертуі керек, осылайша Ресей «бейбітшілікке мәжбүр болады».
Жоғарғы Радада жарияланған «жеңіс жоспары» бес тармақтан тұрады: біріншісі – геосаяси, екіншісі мен үшіншісі – әскери, төртіншісі – экономикалық, бесіншісі – қауіпсіздік, деп хабарлады Украина президенті заң шығарушыларға.
«Бірінші тармақ – НАТО-ға шақыру. Қазір. Бұл серіктестердің Украинаға қауіпсіздік архитектурасындағы орнын қалай көретінін анықтайды», – деді Зеленский.
Жоспардың екінші тармағы – қорғаныс, оған құпия қосымша кіреді. Үшінші тармақ – ресейлік агрессияны тежеу, ол да одақтастарға арналған құпия қосымшаны қамтиды. Бұл тармақтарға Украинаға қажетті қаруды қамтамасыз ету және алыс қашықтыққа ұшатын қаруды пайдалануға рұқсат беру кіреді. Төртінші тармақ – Украинаның стратегиялық-экономикалық әлеуеті, оған да одақтастарға арналған құпия қосымша бар. Бесінші тармақ – соғыстан кейінгі кезеңде Украинаны қалпына келтіруге арналған.