БИЛІК ЕСКЕРТУІ
Theguardian басылымының жазуынша, Валенсия билігі тұрғындарды су басқан немесе жабылған жолдардан аулақ болуға шақырып, авариялық-құтқару қызметтерінің жұмыс істеуі үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Испанияның төтенше жағдайлар бөлімінен 1000-нан астам сарбаз апаттан зардап шеккен аймақтарға жіберілген, ал орталық үкімет Валенсияға мәйіттерді тануға көмектесу үшін тоғыз сот-медициналық сарапшы жіберді.
30 ЖЫЛДАҒЫ ЖОЙҚЫН АПАТ
Телевизиялық репортаждарда жергілікті тұрғындардың түсірген видеоларында су бірінші қабатқа кіріп, өзендер арнасынан асып, кемінде бір көпір құлағаны көрсетілді. Сейсенбі күні болған тасқын Испаниядағы 1996 жылдан бергі ең жойқын табиғи апат болып отыр, ол кезде Пиреней тауларында 87 адам қайтыс болған еді.
Соңғы ірі су тасқыны оқиғалары 2021 жылдың шілде айында Еуропада болып, Германия, Бельгия, Румыния, Италия және Австрияда 243 адамның өмірін қиды.
НӨСЕР СЕБЕБІ
Ғалымдар интенсивті жауын-шашын «суық тамшы» (gota fría) деп аталатын құбылысқа байланысты болғанын айтады. Суық ауа жылы Жерорта теңізі суларының үстінен қозғалып, атмосфералық тұрақсыздықты тудырады, жылы және ылғалды ауаның тез көтерілуі нөсер мен мен найзағайға әкеледі.
Ғалымдардың айтуынша, климаттық дағдарыс салдарынан экстрималды ауа райы құбылыстары, оның ішінде толқындар мен дауылдар күшейіп келеді.
ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ҮНДЕУІ
Сәрсенбі күні таңертең Испания премьер-министрі Педро Санчес елді бірлікке, сақтыққа шақырды.
«Біз қырағылықты жоғалтпауымыз керек, өйткені ауа райы фронты әлі де хаос туғызуда және бұл жойқын эпизод қашан аяқталғанын айта алмаймыз», – деді ол.
Андалусия, Валенсия, Арагон, Кастилия мен Леон, Каталония, Эстремадура, Наварра, Ла-Риоха және Сеуте аймақтарында әлі де ауа райына байланысты ескерту жасалып жатыр. Сондықтан премьер-министр осы аудандардағы тұрғындарды ерекше сақ болуға шақырды. Жолға шықпауға, жыраларға және өзен арналарынан алыс болуға, төтенше қызметтер мен полицияның кеңестеріне құлақ асуға үндеді.
«Ешкім өз өмірін қауіпке салмауы керек», – деді ол